Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  114


Автор: Сабыр Адай

Заманға қарын қосқан ел

Балқан тауға босқан ел
Заманға зарын қосқан ел
Құдайдан басқа пана жоқ,
Құлағын желге тосқан ел.
Ел жаңылып бағынан,
Ер жаңылып жағынан.
Құладын құлап шаршыға
Құландар кетті қағынан.
Құлагер құлап шыңғырды,
Шындықты торғай жыр қылды.
Күлге шөгіп көрт үлек,
Күллі əлемге қыр қылды.
Нарларым боздап, қалжырап,
Қанжылап қалды, бал-құрақ.
Қалнияз болып егілді,
Сүгір болып төгілді.
Маңғыстау деп зар жылап.
Балқан да, Балқан, Балқан-ды,
Берен қылыш қалқан-ды.
Сегіз арыс Сейілхан,
Сенің де көрдік алқаңды.
Көкбөрі келмей жорықтан,
Көкмойнақ өлді қодықтан.
Жығылды Ерлер шалқалап,
Тепкенде заман тобықтан.
Аңқасы кепкен ұлы құм.
Алпысқа келді бір Ұлың.
Қара өлеңмен жуды ма,
Қаратаудың бұрымын?!.
Қаршығадай қағыстық,
Қарт бурадай шабыстық.
Құнысып жүріп қуғында,
Ұлысып жүріп табыстық.
Есепсіз естен таныппыз,
Ел болып бірақ қалыппыз.
Нарқымды білер жан болса,
Бекетті туған алыппыз.
Сенің де жырың бұл дала,
Менің де жырым бұл дала.
Айнымай сүйер өз жұртын,
Атадан туған ұл ғана.
Ақынсың аға, зерлісің,
Күтеді талай Ерді сын.
Сүйеу болған Адайға,
Күйеу болған Шабайға.
Апамның «Аппақ-Темірі»
Мыңжастың ұлы сенбісің?!.
Қатепті қара нармысың,
Арты – аңыз, алды – шын.
Айшықтап орын берді ме
Алпыс деген қарлы шың?!.
Анау – орман, мынау – бақ,
Шық жамылды қылаулап.
Ақ тамшы боп сіңіп кет,
Ақ шағылға бір аунап.
Өлең, сөзді жарлық қыл,
Өртке айналсын зарлық кіл.
Темір қайда деп тұрсын,
Телмен қағып барлық гүл.
Гүл ішінде апам бар,
Сөз ішінде батам бар.
Сырымды айттым, сырмақтап,
Жақын білмес, жат аңдар.
Бізден де өтер ауып көк,
Сөз асылын тауып кет.
Қауырсынын жаныңның
Жамағатқа жауып кет.
Хақтан мейірім төрлесін,
Халқың мəңгі өлмесін.
«Ақын болу – от кешу»,
Тірлік те сын, көр де сын.
Хан көтерген тегің бар,
Жездемде менің не мін бар?
Сөз қылыш та, жыр майдан,
Ту түбінде Темір бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу