Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  217


Автор: Сабыр Адай

Біздей-ақ болсын бір қазақ

Төс табаны тілінген
Дүбірі көпке білінген
Біздің дүлдүл шалдарды
Көресің осал кіміңнен?
Қарлы шыңдай Қашаған
Халалдан Тəңір жасаған
Қайыртпай кеткен жүйрігім
Қуынған жауға тасадан.
Адай деген елден-ді
Маңғыстау деген жерден-ді
Уыздан жарып, марқа емген
Сары жебе,
Ақ сауыт
Сөзі оқтай мерген-ді
Сол секілді асылдар ойласаң қара жерге енді.
Қырықкез деген қауымда
Қылтанақ өспес бауырда
Кестелі күмбез қарап тұр
Отпаннан соққан дауылға.
Отпанға шықтым шырғалдым
Шырғалап жүріп жыр жаздым
Дегелек құстың
Дауысын,
Дертіме шипа қылғанмын.
Ердің ісі шын болса
Елдің іші мұң болса
Есепсіз айтпас сыр болса
Жұмақтан келген жыр болса
Абыл, Ақтан, Нұрыммен, Қашағаннан тыңдармын.
Адайдан қалған ұран бар
Талайдан қалған Тұран бар
«Қаққа жерік құлан бар
Баққа жерік ұлан бар»
Қаратаудың желіне жүзімді кептеп шыңдармын.
Боз жусанға қол жетпей
Бетегеге бой жетпей
Бармағын шайнап
Ер кетер,
Еңкейген ерге жер жетер
Баянсыз мынау дəуренің балдағынан сынған күн.
Қардың тауып қалауын
Жанымның жағып жалауын
Тағдырдың көріп талауын
Қашаған сенің жырыңнан қаталап ішіп нұрландым.
Ескерткішке айналып
Тас көшеге байланып
Оймақтай мынау тұғырда отырсың ба жайланып.
Адайдың арын арлаған
Аруанадай зарлаған
Алтын-ды күйме парлаған
Нардай көлбеп шаңдаған
Сертті де күнгі семсерім шыға да келген сайланып.
Елібіңе нұр сіңген
Ет-жүрекке жыр сіңген
Жаным бір пида бір Сізден
Қанатыммен қаусырып ұшсам бір екен қайда алып!?
Адырнасы аңыраған
Ақтылы қойы маңыраған
Самұрықтай самғаған
Жері бар ма шалдардың
Желік айдап, бел асып бес қарумен бармаған.
Мың дұшпанды қандаған
Мың жылдығын қамдаған
Жер жəннаты – Маңғыстау
Атамекен ақ бесік Атамыз Адай таңдаған.
Аяқты создым нарынға
Қарсы жүздім ағынға
Үш жүз алпыс əулие
Салтанат, сəнім барында.
Тіл қайрадым, сөз саптап, өзіңнен қалған арынға.
Антқа тұрып айқастым
Атажаумен шайқастым
Мырзағұлдың баласы Піріміз Бекет бабында.
Қауырсынын қандайды
Қашсамда іздеп қалмайды
Шайнаулы бармақ, бір өксік Қалнияздың зарында.
Көкмойнақтың үйірі көбік қанға жығылмақ,
Татып көріп дұшпан тұр тар қапасты ырымдап.
Халықтан олжа
Хақтан əн,
Жеті қайқы, бес жүйрік,
Аранға түскен ақ киік, ажалдан қайда тығылмақ.
Солай да –
Солай күн өткен,
Бөз жасаған жібектен
Түрме жасап Түбектен
Түрініп дұшпан күзеткен
Ер адасқан дұғадан
Ел адасқан мұрадан
Еңкейіп жүріп шыдаған
Шалқайып жүріп жылаған
Қабыртқадан қан үгіп
Шеміршектен шер үгіп
Желкеден ұрып желігіп
Он екі мүше
Кез бойын
Кез келген қарсақ кеміріп,
Торай шатыс томар бас бір басуға ерініп,
Топтан озып көп қарға сөз сөйлеген демігіп.
Халалдан болған мекенді
Əңгіден болған əлділер ойранда қылған еліріп.
Əй, Қашаған, Қашаған!..
Қашаған сені қайтейін, Құдай бір сүйіп жасаған.
Жаныңа келіп жылайма атасы басқа жат адам.
Шіріген көлде шіркей бар
Заман өзге,
Заң қатқыл
Адайдың арын сұрар ма кіл үргедек жатаған.
...Əй-да-а-ай...Əй-да-а-ай, Əй-дай-ай
Адайдың қайда əй-дайы, əрайна көңіл, жалған-ай.
– Маңғыстау саған аманат!
Аманатқа адал бол,
Атадан туған жан бала-ай!
Асыра сілтеп тағыда əдіра бəрі қалмағай.
– Ей, қара жер, аспаным
Көркіңді сүйіп көзіммен, көңілге зерлеп сақтадым.
Қашаған сені қайтейін
Көк пен жердің арасы
Тəңірден тəлім ақпарым!
Жырыңнан іштім жылғалап
Жыр баптадым сырғалап.
Арманы асқақ ұл болса аңқасы кеуіп тыңдамақ.
Ақ қағазға шер төгіп
Өлең жазған өртеніп
Біздей-ақ болсын бір қазақ!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу