Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  134


Автор: Сабыр Адай

Қолыңнан келсе қамқор бол

Өлтірме жастың үмітін,
Үмітің болса, жігітім!
Қолыңнан келсе қамқор бол,
Бітіргін жастың бір ісін.
Сауабын алғын құлынның,
Жібектей желбір тұлымның.
Сен қайдан білдің ертең-ақ,
Не боларын ұлыңның.
Қайтарма жастың тілегін,
Сөндірме отты жүрегін.
Өткенді бір сəт есіңе ал,
Сен өзің кеше кім едің!?
Жастарды қамда, жастарды,
Бəрі де жастан басталды.
Қоғамың қалай гүлдемек,
Жастарың болса тастанды?!
Жұмыс бер, оған, жұмыс бер!
Бағыт бер байтақ, ырыс бер.
Ұлтыңды ұлдан кем көрме,
Ұлыңдай сүйіп тыныс бер!
Жұмыс бер, оған, жұмыс бер!..
Жұмыссыз жастар жаралы,
Жоқтықтың жаман араны.
Отаны орға итерсе,
Ол байғұс қайда барады?!
Жылатпа жасты, жылатпа!
От тастай көрме құраққа.
Еңбектен қашпас жастарым,
Білімді болсын бірақ та!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу