Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  117


Автор: Сабыр Адай

Қағидалы салтынан адасқан қасқырлар

Əділ заңға ғұмыр берген Тəңірім!
Заң өзгерді, жасың қайсы, кəрі кім!?
Құлақ тұстан болат тіспен шайнады,
Перзент қылған, ұя ұстар айбары.
Өз Атасын жарып салды азғының,
Жалғыз барып қоқыс сайдан қазды інін.
Ұлыс кетті ыдырасып, ырылдап,
Қаншық қасқыр қансырады шырылдап.
Ата-бөрі жатыр əне өлмекші,
Бөлтірігі өз қанына шөл депті.
Қаптап келіп бөлтіріктер қараған,
Ата-ескі, ағып жатыр жаңа қан.
Шын қасқырды енді қайдан табасың,
Кіл бөлтірік қоқыс жеген санасын.
Ұясынан кетті солай жарасым,
Қаншық жылап, деді, қайда барасың!?
Буындырды атасын да, анасын,
Қоқыс-сана бір көрсетпек шамасын.
Өлді атасы, ыңырсыды аналық,
Қылдыңдар деп балалық.
Жалғыз-жалғыз өлесіңдер құрып деп,
Көп жылады қанға басын ұрып кеп.
Аққан қанын кешіп ойнап бөлтірік,
Анасында жарып салды өлтіріп.
Ата жау мен ит-құстарға тастады,
Жалғыз-жалғыз өмір сүре бастады.
Ата салттан көр-саналар жатсынды,
Жеп үйренді атты менен атсызды.
Біліксіздер білгендерін жасады,
Ата-анасын өлтіргенге мас əлі.
Түлкі-қарсақ айдап салып ауылға,
Өз олжасын қыстырғанды сауырға.
Бірлігі жоқ, қалай қасқыр атанбақ,
Жалғыз-жалғыз өлтірді оны бақандап.
Ит ұйықты қаншығына мінгілеп,
Еркегінің енін алды тілгілеп.
Ит те емес қасқыр да емес ыздиды,
Тұқымына тоз-тоз қылып тұз құйды.
Ата салтын аяқ асты қылғасын,
Кім сыйлайды азғындардың бір басын.
Əркімдерге тосып өлді жырмасын,
Қарсақ алды, қасқыр мекен, қыр басын.
Адам атты, есек тепті, түлкі жеп,
Адасқандар өлді ақыры күлкі боп.
Шашау шықпас көкбөрілер қатал-ды,
Ұлы арманның патшалығы аталды.
Талай дəурен сүріп еді желпініп,
Тəубасына атажауды келтіріп.
Көкжалдардың бұл құпия заңы дүр,
Батса күні, атса, сірə, таңы бір.
Бөлінбеген, бөлтірігі, бөрісі,
Үлгі болған, ұя басы ер ісі.
Көптің күші, көктің туы – жеңісі,
Əріден сол баба-салттың келісі.
Баба тегі, ана көрік атанған,
Қасқыр қылды ұлы тəртіп, қатаң заң.
Күллі əлем мойынсынып таныды,
Азуларын намысына жаныды.
Бірлік қана қасқыр етті, қасқырды,
Бірлік кетті екі көзді жас қылды.
Орман іші куə болды сұмдыққа,
«Бірлік» атты бөрі сарып тұр құтқа.
Қарын қамын қоқыс шешті, жуынды,
Тойған қарын іздемес ар, туыңды.
Неге керек ортақ намыс, бөрілік,
Өз кеудесін өршеленді төр ұғып.
Қарап жүріп қандасымен тіресті,
Табылмады «Тəк!» – дейтұғын бір есті.
Қоқыс жеді, майдансыз-ақ ас тапты,
Азды ұрпақ, араздаса бастапты.
Ата қалды, анасын да талады,
Туыстан жат, жалғыздықты қалады.
Жалғыз-жалғыз жау іздеді тойынды,
Адамдарға салып көрді ойынды.
Адам деген: қасқырлардың қасқыры,
Жаһандағы жауыздардың бастығы.
Бөлтірік пен қырып салды көкжалды,
Қасқыр жайлы сосын жалғыз сөз қалды.
Міне, солай, оққа ұшып көмілді,
Өзі барып таңдап алды өлімді.
Мың асқанға, бір тосқанды тап қылды,
Терісін ап, етін итке лақтырды.
Апан құлап, арландарым жеңілді,
Ет-сүйегін көрінген ит кемірді.
Тойған қарын, сана менен дұшпан-ды,
Жүрекке жау қарын тұрған тұстан-ды.
Жүрек сөзін ұлтым тыңдап бағынсын,
Қандас көрсе, көріп тұрып сағынсын.
Қарақұртым... өз балағым... өз жауым.
Ой-тасқын да, ашу-дауыл, сөз-жауын.
Отан-қазық əркім келіп ырғайды,
Əр кеудеде əлмисақтан бір қайғы.
Бірін-бірі ішіп алмақ, ұрттамақ,
Сарсаң пиғыл, сана шірік құрттамақ.
Құрт білмейді тойғанын һəм жегенін,
Ненің бүгін, кімнің ертең керегін.
Құрт-санамен қайда кетіп барасың,
Азған əлем кімнің жазбақ жарасын.
Анау тұрған қазекем бе қалғулы,
Болды өткізіп ызы-қиқу, бар дуды.
Адамзаттан жыландар да түңіліп,
Бірін-бірі жұтып жатыр, құрыдық!..
Сен қайдасың Алашымның ұлдары,
Мынау дертке нелер шипа, кім дəрі?!
Рухыңды қоқыс қаптап алғасын,
Қолбаладай саған енді бар ма сын.
Арзан азық ұлт рухын улады,
Бірін-бірі итше шайнап тулады.
У құтыртып, ұраны да өзгерді,
Соның бəрін мынау қара көз көрді.
Өз көйлегін шешіп тастап жалаңаш,
Өз-өзіне қарап күлді шала мас.
Бəрі қалды ата дəстүр, антыңның,
Көшесінде жырқыл менен жарқылдың.
Əке сүйел, ана безгек атанды,
Жанға бермес асылымды жат алды.
Ит аралап, доңыз бұзды некемді,
Адал ұрпақ қайдан шықпақ, бекер-ді.
Көкжалдардың бөлтірігі азды ма,
Жүрегіме сарсу болған саз бұ да.
Санамыздың құрсағына мола сап,
Жау қолында іңгалайды болашақ.
Оят мені, түртіп жібер санамды.
Соқыр сана жолдас қылар наданды.
Бар зұлымдық сүйеніп жүр наданға,
Сақта Құдай, сана берші мағанда!?..
Көгерейін өз тамырым нəрлесін,
Ая мені, шығар-шықпас қалды есім.
Əділсің Сен, Жаратқаным , Жан-Ием,
Соған шүкір, бір Тəуелсіз бар Ием!
Ием менің – Жаным Алла, жан тұрақ,
Қауызыма тамсын нұрың тамшылап.
Бүр жарайын саған созып мойынды,
Көрдім қанша көрге түсіп ойынды.
Жарық сəуле – ұлтымызды бастасын,
Оян ,Сабыр, ұйқықұмар қасқасың!?
Өлең маған: Түңілмегін, Тұр – деді,
Сенен ниет, Тəңірімнен нұр – деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу