Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  112


Автор: Сабыр Адай

Жыландар патшалығының ыдырауы

Кестеленген, өрнектелген, өр кілең,
Бір патшалық жайлап жатқан төрді кең.
Сұлусынған қара моншақ көздері,
Өңкей асқақ, өңкей асыл өздері.
Мынау мекен тек соларға тəн еді,
Қоғалы көл, сары самал əн еді.
Ордасымен көшіп қонған, ел бүтін,
Адам келді, зауал келді, шерлісің.
Шығып алып бір-бір қоға басына,
Жер тұншықты көзден аққан жасына.
Сұлу еді, биші еді бұралған,
Енді оны ажал күтіп тұр алдан.
Сол ажалдың жендеттері адам-ды,
Ту дүние тыр жалаңаш таланды.
Қара орманның тамырынан қан алды,
Қара жердің жүрегінен жан алды.
Жан біткеннен жан алатын адам-ды,
Қасарысқан қайтпайтұғын надан-ды.
Бірін-бірі адам жұтып өлтірген,
Жасап алған күннен кебін, көр түннен.
Енді, міне, патшалығы жыланның,
Қайырмасын айтып көрмек бұл əннің.
Адам айтты өзін-өзі ұтуды,
Жыландарға бірін-бірі жұтуды.
Қу дүние кіл өңешке айналды,
Кімдер кімді, жұта салмақ, қай маңды.
Ойбай, əне, өңеш қаптап келеді,
Ол тойымсыз, жұтудың қас шебері.
Бастары жоқ, өңкей өңеш күлісті,
Жұта салды ұлтың менен ұлысты.
Жер дірілдеп табанымнан үн қатты,
Көк дірілдеп бізден қашып, зыр қақты.
Соғыс тілеп, сойқан тілеп, тапсынған,
Келе жатыр қара ниет асқынған.
Адамдарды адам жұтты, талмады,
Жыландарды жылан жұтты жалмады.
Тау мен тасты бəрін жұтты езгілеп,
Сұлу əлем қызыл қан боп безді кеп.
Жұтқан жылан жұтылғанын толғады,
Адамнан да аяушылық болмады.
Патшалықтың суса болды сүйегі,
Сұлу еді, əлем əн мен күй еді.
Бірін-бірі бəрі шайнап тастады,
Тері төсеп, сүйектерін жастады.
Ту байлады жеңген болды, жеңілді,
Өңкей өңеш өз туысын кемірді.
Өңештердің іші айқай, зар-мұңды,
Дəл сол мұңнан өңеш шөлін қандырды.
Адам жатты адам болып қас жауы,
Жылан жатты жылан болып қас жауы.
Өзін-өзі жек көретін кіл өңеш,
Өңештерге жұта салу түк емес.
Орман өлді, гүл тақырға айналды,
Жүзі сұп-сұр көрсеңізде қай жанды.
Кештіңіз бе əділетсіз майданды,
Қатер содан, қауіп болса қайдан-ды.
Бұл дүние – ішек-қарын, ірің-жын,
Ібіліс боп келіп сен де сіміргін.
Адам болсаң сұлулыққа ара түс,
Ақ жоғалып, басты жерді қара түс.
Көкірегі қара сонау пенденің,
Қалды аппақ, халал сөйлер ер де кім!?
Жылан алдап жұбын жеді бассалды,
Адам алдап жер мен жемек аспанды.
Адам – жылан, жылан – адам боп кетті,
Қос өңешке бір қанағат жоқ депті.
Сұлулықтың қанды көзі көгеріп,
Басын шаппақ қойды ортаға шөгеріп.
Сұлу əлем өлтір деді шыдамай,
Өлді ару, өлді аққу, құралай.
Көл жылады көздеріне құм құйды,
Ел жылады жанарына у құйды.
Тау жылады, ормандарым сыңсыды,
Көздерінен қан сигектеп ыршыды.
Сұлу əлем аяқ асты тапталды,
Ал өңештер тағы қайда аттанды!?
Суық жылан сұлу қыз боп көрінген,
Ақ сүт құйып шығарып ем төрімнен.
Киесі боп кең даланың үскірдің,
Күшті көрсең қаһарландың, ысқырдың.
Айбатыңмен аламанға сұстандың,
Иесі едің, киесі едің ...Станның.
Сен де енді азайдың ба, жеңіліп,
Өзіңді-өзің кеміріп.
Біздің пиғыл қорқытты ма даланы,
Адамзаттың ашылып тұр, араны.
Жел мен сарнап ордабасы жыланым,
Жер түбінен сəлем айтып жыладың.
Саған қолды соза білмес елденмін,
Мен жерімді баяғыда бергенмін.
Хан салтанат қара жылан, ақ жылан,
Не көрдіңіз ал бұдан.
Өрнектеген кер жыланым, керімім,
Ордаңыздан қуып шықты сені кім!?
Бүйіріңе күміс тағып күн құшып,
Жауларыңды жапырғансың бір қысып.
Ата жылан қалқан қабық, жебе тіл,
Өз ұрпағын жалмап алып неге тұр!?
Алты құлаш қарағайдай дің еді,
Орда тікті... Оны да жұрт біледі.
Не болғаны, кім болғаны түк те емес,
Осы менен ту құлады, бітті егес.
Жылан жылап, адам күліп ақсиды,
Ата жылан жанарынан жас сиді.
Өзін-өзі тістеледі, шайнады,
Ғалам жылап, бітті ердің сайраны.
Киік өлді анау жылы киелі,
Жылан өлді мынау жылы ұялы.
Киесі жоқ қу медиен жұмыр жер,
Қайғысына қамсау болар бір ұл бер!?
Сұлу жылан, ханшайыммен, ханзада,
Ордалы ел ғұмыр кешті аз ғана.
Жер астынан шықты жылан анасы,
Аталықпен арыздаспақ шамасы.
– Қош мекенім, жарық күнім, Ордалым,
Берен қару, бел шешпеген қамалым.
Біз жүргенде бақа-шаян күлмеген,
Атабасы ер мен егіз жүрген ем.
Хан шатырым анау тастың жақпары,
Қанша жаудан сардарларым сақтады.
Есіл ерлер алтын орда, ақ орда,
Баяғыда болған бізге бақ орда.
Атабасы Ерім еді сыңарым,
Құдай салды, қоштасалық шырағым.
Деп сыңсыды ана жылан ару-ды,
Ордасына ит пенен құс сарулы.
Алтын балдақ хан тұғыры қаралы,
Ханзада мен Ханшайым да жаралы.
Сабау қамшы секілденіп өрілген,
Тірі адастым деп жылады төлімнен.
Жылап тұрды жыландардың ордасы,
Орда еді, енді, міне, қор басы.
Қорлық деген шарасыздық, жеңілу,
Көз жасыңды жең мен сүртіп егілу.
Хан төрінің қағанаты бүлінді,
Адам боп кеп ажал пері үңілді.
Жайрап жатты құм астында Патшалық,
Құрт-құмырсқа мəре-сəре бассалып.
Екі жылан еңкілдеді бауырлап,
Енді қайтсін кешегіден дəуір жат.
Жыландарым ен даланы жылатты,
Қырсық құшып қарап тұрды қыратты.
Аналықтың ақ тамағы құрғады,
Атабасы бойын толғап ырғады.
Түспей тұрып өлейін деп қармаққа,
Екі жылан кетті айналып Əруаққа.
Ей, Адамзат жыланды да жылаттың,
Əрең тұрған болар көкте шыдап күн.
Орман өлді, дала өлді қаңырап,
Атпай қойды ертесіне таң ұзақ.
Содан соң ба?!.. Жыландарды көрмедім,
Өлгенің ғой, көнгенің.
Жылан білді адамды да, заманын,
Іздеп жатты кек алудың амалын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу