Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  121


Автор: Сабыр Адай

Қарақұрт сана

Қарақұрттай қара сенің қылығың,
Бетін басып, белден қашты ұлы күн.
Сен шайқадың тіршіліктің тұнбасын,
Болмас енді қызға тыйым, ұлға сын.
Ниеттердің қарақұрты талтаңдап,
Бір-біріңе сақтап жүрсің балтаңды ап.
Сенен азды мынау əлем жылады,
Өз ұлынан жер араша сұрады.
Сенің торың қара ниет, қара бау,
Сендік мақсат: обалына қарамау.
Көзіңнен құрт, сөзіңнен құрт тарбаңдап,
Тек торлауды жүрсің, əне, армандап.
Сен адамсың, жан бойыңда қарақұрт,
Шыңғырады шырмауыңда баба жұрт.
Шырмап алған мендік сана байлаулы,
Сендік зəрден миым судай қайнаулы.
Аспан анау қарақұрт боп төнуде,
Адалдықты жер түбіне көмуде.
Сенің аяр қара құрсау шырғалың,
Торға түскен шыбын менен бір жаным.
Қорқыт Атам қыл қобызын сайлады,
Тығылды кеп туған жер мен айлағы.
Жұлдыздардың бар жарығын сөндірген,
Қарақұрттай – қара ниет көрдім мен.
Жұмыр жерді орап алған, менмендік,
Қашып бара жатыр, əне, елден құт.
Мақтаныш пен көрсеқызар, пиғылдар,
Қалай ғана сұлулықты қидыңдар.
Қарақұрт боп у мен зəрден жаралған,
Ғалам қорқып кетпек алыс адамнан.
Тоқта!..Тоқта!.. Ай мен күнім асылым,
Тау жылайды, тас жылайды жасырын.
Сұлулықтың көзін ойып қарақұрт,
Пайда болды жер бетінде жаңа жұт.
Жаңасының түрі мынау жын-ойнақ,
Бір жазасын тарттырады Құдай-Хақ!
Ей, дүние, ару едің аппақ нұр,
Мың қарақұрт саған торын сақтап тұр.
Менің мөлдір жаным қайда, қазағым,
Қылды оның ақ ниетін қаза кім?!
Қарақұрттың шырмауында ұлттығым,
Ұлттың жанын, ұлттың қанын жұтты кім?!
Жыр шырмауда, саз шырмауда, ел егес,
Таң атпай ма!?..Неге түн мен неге кеш!?
Түн-қарақұрт, күн-қарақұрт, көп шалыс,
Құтылам ба кетсем сонау көкке алыс!?..
Кірпігінен жас сорғалап ай тұрды,
Сосын оның жаназасы айтылды.
Он сегіз мың ғалам жатыр торыңда,
Бір қарақұрт ұлт санасын соруда.
Сендік байлық – сендік емес құрттікі,
Дүниені тəркі қылған ұрттікі.
Қарақұрттың араны бар, қанды көл,
Өз қолыңмен апардағы жанды бер.
Өз ниетің қарайды да тор болды,
Өз пиғылың өз басыңа сор болды.
Өзін-өзі кеміреді адамзат,
Қарақұртсың!..Қайыр-сауап саған жат.
Ындындар тұр ала қоржын, пайдашыл,
Аңға айналған мынау сонда қай ғасыр!?
Біздің құрттар, біздің «бектер» бүлікшіл,
«Қой» – дейтұғын қожасы жоқ, дұрыс жүр»
Білгендерін жасап жатыр жеріне,
Əй дейтұғын Əжесіздің керіме!?
Жауды көрсе жампаңдаған жарбақы,
Кімге қандай бар бəсі.
Қарттарымның қағидасы жаңылған,
Заман болды қағынған.
Опырылды ойсыз бастан кəрі құз,
Асау болдық ер салдырмас бəріміз.
Өз халқына қыр көрсетіп зілденген,
Бұл далада кімдеріңе кімдер жем.
Аңдысамыз бір кеменің үстінде,
Ал бұрқыра, өз деміңе пістің бе!
Төгіп көрші, төске салып қаҺарды,
Төңкер нар мен атанды.
Сенің халқың кімге керек өзің біл,
Ойсын мейлі, етін күң мен көзін құл.
Арашалап не жыны бар басқаның,
Жер сенікі, ел сенікі, аспаның.
Шағып өлтір, балтырынан жабыс та,
Жүрген ерді қорған болып намысқа.
Тек өзің қал, текті біткен жоғалсын,
Адал өлсін, айтсын бəрі соған сын.
Шөп басында шіреніп тұр бір-бір құрт,
Үндемейді құрғыр жұрт.
Табан етін шөңге жеген, шөп жеген,
Көзін алмай емпеңдейді өзгеден.
Етегіне оратылып, жығылмақ,
Біліп алған сырын жат.
Мүнəйім боп, мүлгігенді жөн көрмек,
Құрт пенен сырт дəм татып жүр төрден кеп.
Біздің құрттар қалай-қалай талтаңдар,
Жүгір Сен де қосылып ал, қалқам бар!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу