Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  114


Автор: Сабыр Адай

Жұлдыздар ағып түскенде

Сəулесі айдың нұрланған,
Сəлден соң үркер бүр жарған.
Барады ағып бір жұлдыз
Соншама сұлу гүлзардан.
Сапарын отқа ораған,
Қалмайды енді ол аман.
Талай бір жұлдыз сөнген-ді
Тағдырын уақыт тонаған.
Қара бір түнді қақ жарды,
Тауысты сорлы бар мəнді.
Тасқа бір кетті айналып
Тастаған жұлдыз жалғанды.
Ажалдың түсті торына,
Ақ жалын тастап соңына.
Көзден де таса, көңіл жат
Ұмытты сосын оны да.
Таң бозарып шықтанды
Оятып торғай құтпанды.
Елеген ешкім болмады
Жұлдызды ажал жұтқан-ды.
Ақынның бұл да жан мұңы,
Жалғыз-ақ сəуле бар құны.
Жайнаған көкте жұлдыздың
Қайғылы екен тағдыры.
Жан бар ма мұны аңғарған,
Жұлдыздай аз күн самғар жан.
Жұлдыздар ағып түскенде
Көңілің мұздар жалғаннан.
Мұздаған көңіл жылынбас,
Аққанда жұлдыз бұрылмас.
Көрдің бе əне қонақсың
Бірің де кəрі, бірің жас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу