Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  93


Автор: Сабыр Адай

Алтын көш

Жайылған жан саусағым көкте күнге,
Көп күнім өтті-кетті, өкпе кімге!?
Қарындас қанға тартып қарамай ма
Ар туыс, аламанның бөктерінде?!
Байланған қазығына қанды-құлын,
Қансырап тұлым күйіп, жанды бұрым.
Басында балқан таудың біздің мола
Бұлт көшіп, жел жоқтайды жалғыз ұлын.
Бұл елді ажал сүйіп, оқ таныған,
Дұға қыл мола көрсең тоқтап ұлан!
Кесілген кер маңдайда бақ тұрама
Заманның жарылған соң шоқпарынан.
Қаралы көш келеді, қара құрым,
Атажұрт айтар сөзі жаралының.
Қаңқылдап қаз бен бірге көктем шықты
Қан жібіп, қаралыға таралып үн.
Сол үнде сорым жатыр қара сандық,
Қан кештік, ғазиз жанға жара салдық.
Айдаған Ақ Патша мен Қызыл-Кеңес
Желкелеп жер түбіне қарасан1 ғып.
Күй едім құлағым зар, тиегім бал,
Бұл күнде боз жұртыма иемін бе, ал?!
Шашылған төрт құбылаға тағдыр едім
Түбінде əр жусанның сүйегім бар.
Бір бүтін екі жарты – жарлы халық!
Жан нəрін мұңдық тербеп, зарлық алып.
Өрт тиген орман едік қан жапырақ
Шығарды жоқтан Құдай бар ғып алып.
Көш келді қан жапырақ, нарқы қымбат,
Көз жасын көптен таса сарқып, ымдап.
Қосылса алтынға алтын кен болмай ма!?
Əркімнің ұлты-ұран, халқы қымбат.
Жаным де, жан туысты жарқыным де,
Жүгіңді бір көтерер нар түбінде.
Сандығын көңіліңнің ашып қойып –
«Келе ғой, кел бауырым, алтыным» – де!
Айналып жүрме қазақ бақтан басың,
Жаттан төр, жаннан зият тақ қалғасын.
Қазаққа қазақ туыс, Тəңір қорған!
Шығады достан дұшпан, жаттан қасың!
1 Қарасан – малда болатын ауру.
Көш келді, нар қомынан ұл қарап тұр,
Күміс тақ көңіліне сырғалап бір.
«Көкеңді» жау танытар көп болмасаң
Елге қос бір қазақты, мың қазақ қыл!
Жау көріп: «Ызғары көп, салқын!..» – десін.
Дос көріп: «Сүйген ел ғой, халқын!..» – десін.
Күтіп ал күннен ыстық жүрегіңмен –
Қазақтың қайта келген – АЛТЫН КӨШІН!
* * *
Жолдас қылма ақыл-есі жарымды.
Жол-жөнекей жоқ қылады барыңды.
Мың наданға
Бір жауымды бермедім,
Себебі Ол: Жау да болса дарынды.
Надан өлсе: Жердің үсті жеңілдер.
Дарын өлсе: Кім қалады « Елім!» – дер?!
Ақылды жау
Надан достан көп артық,
Бұл сөзіме бұрмаламай сеніңдер?!
Осы надан: Жауға сатқан ұрпағын.
Осы надан: Қоймай жүрген бұлтағын.
Осы надан: Көзін ойған Алаштың,
Əлі қанша азаматты құртарын?!...
Жел боп соғып, сағым болып ағады,
Қайда барсаң ізіңізді бағады.
Бұлар өзі
Шегіртке боп көшеді,
От боп жанып, су боп сосын ағады.
...Табады!
* * *
Кеңеспейтін бір үкімет болған-ды,
Аты бірақ «Кеңес-ті»
Ол да енді елес-ті.
Біздің ұрпақ солай балам,
Кезінде:
– Сол Советтің сарқытынан жеп өсті.
Өзі айтып, өзі соны ұрандап,
Ақырында құлатты.
Бұл əңгіме ұзақ-ты.
«Демо-крат»-деген мырза бар екен,
Əмеңгерге: Түгел Елді ұзатты.
Əмеңгерлер өз төсегін жайдырды,
Заман буаз есептемек ай-күнді.
Айтуға рұқсат,
Не десеңде өзің біл,
Бірақ ешкім естімейді қайғыңды.
Төсек жаңа, түгел жаңа, жаңаша,
Енді жан жоқ түсетұғын араша.
«Тастай батып, судай сің» деп бұйырды:
«Ия, Мырза!..» – деп жүгірді балаша!
...Мырзасынан
«Алтын Алқа» тақпақшы,
Тəн саулығы жараса.
Қоғам түрмек етегін, Мырза жігіт қараса.
* * *
Арман қудым, араладым сөз бағын,
Ойды оймен қозғадым.
Өз Отаның,
Өз ұлтыңмен,
Өз жерің, –
Өз бауырың, өз жүрегің, өз жаның.
Өз еліңе
Жүрегіңді бөліп бер,
Жан нұрың мен Жан-Отанға көрік бер.
Жүрек болмас
Атажұртын сүймейтін,
Жүрегіңе, тілегіңе ерік бер!..
Сүйсін жаның,
Қайран Отан, жұртыңды,
Отан десе көзіңе жас іркілді.
Отан деген –
Жүрегің ғой кеудеңде,
Ал, жүрексіз өткізіп көр, бір күнді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу