Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  121


Автор: Сабыр Адай

Жалған дүние

Жырымды тыңда мұнарлы ғалам,
Мұнарлы ғалам – тұмарлы далам.
Əн салып анам, тамсанып бабам
Айтады заман бұл əнді маған.
Өлеңім өрттей өмірім жырлы,
Еліміз ерен, тегіміз нұрлы.
Көгіміз күннен, жеріміз гүлден,
Сағынсам сені көңілім мұңды.
Жалған!...Жалған!.. жалған Дүние!
Жаныммен сүйдім – арман дүние.
Қайырып əнге салған дүние!
Қаншама жаннан қалған дүние.
Көмейім күміс, сарайым балдан,
Əнімді тыңда əлəйім жалған.
Тұнжырап бағым, гүл-құрақтарым,
Жыр құрап жаным салайын таңнан.
Сырластым жалған бір өзің менен,
Жүрегім – құлын, тілегім – көген.
Жалғанның өзі жаным деп күлсін,
Жарығын сүйдім жүрегімменен.
Жалған!...Жалған!.. жалған Дүние!
Жаныммен сүйдім – арман дүние.
Қайырып əнге салған дүние!
Қаншама жаннан қалған дүние.
Ардағым елім, арманым менің,
Сəулелі ғұмыр таңдарым менің.
Дүние жалған əніммен тербеп,
Көгіңде сенің самғадым елім.
Шыңдарым менің, шынарым менің,
Шыңыңда қалар бір əнім менің.
Көгала қаздай көліңнен ұшқан,
Көзайым жалған – сыңарым менің.
Сырғалы сұлу бұл əнім менің.
Жалған!...Жалған!.. жалған Дүние!
Жаныммен сүйдім– арман дүние.
Қайырып əнге салған дүние!
Қаншама жаннан қалған дүние.
* * *
Махаббат жанның дастаны,
Мамырлап тағы бастады.
Болмашы жанға бодан боп
Қайтесің сүйіп басқаны!?
Сүймеген жақсы жан құрбым,
Сезімі таза жалғыздың.
Жарылған жаңғақ секілді
Жанымыз жара, ал, біздің.
Қаншама нала салдырдым.
Өртеніп, күйіп жанасың!
Білер ме соның бағасын.
Қайғысын жаттың құшақтап,
Қай жерде жаным қаласың!?
Кімге еріп қалқам барасың!?
Махаббат жанның дастаны,
Мамырлап тағы бастады.
Болмашы жанға бодан боп
Қайтесің сүйіп басқаны!?
Сүрініп көңіл асықты,
Сүйрелеп жүріп жасытты.
Серілік жолы бір басқа,
Сүймеген жандар бақытты.
Аяймын көрсем ғашықты.
Жалғыздар алар таңнан нəр,
Жар құшып көрмей қалғандар.
Сүймеген жанның көзінде
Алданбай кеткен арман бар.
...Ғашықтар – күл боп жанғандар!
Махаббат жанның дастаны,
Мамырлап тағы бастады.
Болмашы жанға бодан боп
Қайтесің сүйіп басқаны!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу