Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  154


Автор: Сабыр Адай

Хабардар бол

Тыныштықтың білмеген ел қадірін,
Өз қолымен сөндірер күн жарығын.
Сөнеді күн соғыс жайлап өлгесін,
Белгілі ғой, өлсең күнді көрмесің.
Піл сақтайды тыныштығын күшімен,
Арыстан жүр сақтап оны тісімен.
Гүл сақтайды сұлулығын өткізіп,
Бұл дүние сонысымен бек қызық.
Түлкі ұстап ақыл менен айласын,
Кім білмесе сол қорғансыз пайдасын.
Өзгереді қозғалыстың мекені,
Тыныштық тұр қан-қан болған етегі.
Бірге өзгер заманыңнан адаспа,
Қанағатсыз күштілермен жанаспа.
Əлсіз болу бейбіт күнді заялау,
Көп күштінің көлеңкесін саялау.
Ғылым-білім көптігіңмен, бірлігің,
Тыныштығын сақтар басқа кім бүгін?!
Бейбіт күн де нұрлы-ғайып киелі,
Қорғай білер ел мен жерді сүйеді.
Бейбітшілік тілекшісі ерліктің!
Əлсіз болу белгісі емес елдіктің.
Бейбіт күн де ару қыздай шыным ал,
Ер мінезді елге барып тығылар.
Қарулы ер, білікті жан ерікті,
Еріктіге Бейбіт күн де сеніпті.
Бейбіт күнді сүйгің келсе маңдайдан,
Соғыс жайлы хабардар бол бар жайдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу