Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  101


Автор: Сабыр Адай

Тазару

Жел соғып тал тазармас желпінбесе,
Қарт үлгі, жас жаңарып серпінбесе.
Тəн деген – жаукөбелек зиянкес-ті,
Көз сатып көрінгенге елпілдесе.
Жабысып жарқанаттай күнə жанға,
Білерсің жаһаннамға құлағанда.
Иманың жем болған соң жауторғайға
Айтамыз қандай жауап сұрағанға.
Кетпейді жын жайласа жалын іштен,
Мауығып мысық ниет мəлін іспен.
Кенедей нəпсі деген қара сүлік
Иманның жүзін торлап қанын ішкен.
Сүттіген, сүт жапырақ, сүттіқұлақ,
Өтерін сүт күнінің ұқты жылап.
Бізде бір балжапырақ, жан қақырап
Көп шылап көз жасымыз бітті бірақ.
Қамшыдай жылан бауыр иі келген,
Өтті өмір таспа тіліп жиі белден.
Тарбиған тамыздағы қарақұрттай
Нəпсің тұр өз уына күйіп өлген.
Қауырсын таңдап алып қарқарадан,
Жан едік шаршы шаңдап, алқалаған.
Барады атақ қуып, шатақ қуып
Дүние өз иманын балталаған.
Желкеге жын ұялап шығып алып,
Ақ туын адалдықтың жығып алып,
Əлем бір ақша іздеген ақбас сиыр,
Сүртеді сілекейін ыңыранып.
Бозторғай боз шағылды мекендейді,
Боз күнім бордан жұмсақ бекер дейді.
Жамылып қырғи құстың көлеңкесін,
Жанығып өмір сүрдім жетер дейді.
Ақ күнді, адал күнді сағым қылды,
Ит-нəпсі сүйек моншақ тағындырды.
Нəпсіге иман көрсе жығып беріп
Əділетсіз майданға бағындырды.
Бес құрлық бес тырнағы қарақұстың,
Қанымнан қан сүрлеуде жалап ұштың.
Қара жер қайда барып тоқтар екен
Илеуі залымдық пен қара күштің?!
Жан Ием, Жаратқаным не дейін көп,
Кең аспан қабағың бұлт, көмейің көк.
Гүлдейді тасбұйырған тауды жарып,
Бір көріп, бір көрініп өлейін деп.
Гүлдендік, қауыз жардық, тебірендік,
Тағындық қайқы жүзік, сері белдік.
Жастықтың жалынымен асаусынып,
Тұмсаның толғағындай кері келдік.
Аруға көңіл бердік, ерін бердік,
Шешпедік сұлу құшып тегін белдік.
Қол жасап мойын байғұс көтеріп жүр,
Бар дейсің сол күндерде не білгендік!?
Жүргенмен құбылаға жиі құлап,
Көңілдің əні шəрбат, күйі бұлақ.
Кең Құдай енді өзің кешірмесең
Жағдайы құлыңыздың қиынырақ.
Ол сұрақ қиын дейді жан алғаннан,
Артық деп кім айтады бағам жаннан.
Азырақ күнə жасап тəуба қылар,
Кешірім сұрау үшін жаралған жан.
Құдай ерге еркіндік берген дейді,
Терсін деп несібесін жерден дейді.
Жасаған біліп-білмей күнəмыздың
Құлағы төбе сайын ербеңдейді.
Кірлетпек кінəратсыз кім бесігін!?
Қарашы қарау ойдың із кесуін.
Біз байғұс сұрау үшін жаралғанбыз
Алла тұр беру үшін бір кешірім.
Құлыңды кешір Алла, ал сұрадым!
Алдыңда аққан жас боп тамшыладым.
Хор қызы қолын бұлғап шақырады
Жəннаттың есебінде бар шығармын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу