Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  121


Автор: Сабыр Адай

Ұмыт болған бір әнім

Зағара нан жетім малта сығынды,
Күн кешіпті сонау жылы бұл халық.
«Заман» – дейді, – сосын сəл-пəл жылынды» –
Ер есейді, ел қабағын ұл бағып.
Көпті көрген көз алдында мың əжім,
Күс-күс саусақ бет сипайды шүкір деп.
Маңғыстаумын ұмыт болған бір əнім,
Біздер жайлы шындығында пікір көп.
Боз аршадай мəңгі жасыл тілекпін,
Сидам ағаш ешкі көрсе дірілдер.
Дүниенің қас-қабағын күзеттім,
Екі өмірде бақытыңның бірін бер.
* * *
Аға ашушаң,
Іні, сірə, індігеш,
Бүйткен біздің бірлік еш.
Жаратушым!..
Соның соры қайнап жүр:
Талапайдан қалдырсаңыз кімді кеш.
Көңіліміз жасыған,
Шабыт едік шаршы көрсек тасыған.
Біздің қоғам –
Өзен сынды өпірім,
Теріс аққан басынан.
Бəрі аян,
Өткені мен қалғаны,
Қəне, қандай бар мəні.
Талай ердің
Жолда қалды шашылып,
Үміті мен арманы.
Өмір деген сол-дағы.
Ата көріп,
Əке көріп оқ жонып,
Ер болуға елді сүйіп талпындық,
Азу тісін көрсетті,
Заман түсін салқын қып.
Жанартаудай
Жан-құрсақтан от құсып,
Шоқ боп ағып сарқылдық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу