Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  128


Автор: Сабыр Адай

Қату қала, қайым жыр

Бірінші көрініс


І
Бесік жасап, көсік жасап жат даудан,
Қайда барсаң қатулы жан қағынған.
Қызыл шеке, жарық маңдай Ақтаудан,
Жолаушымын, Алматыны сағынған.
ІІ
Қырғи самғау, қызыл-жоса бақсыз құс,
«Ақша-ақша» естігенім жалғыз əн.
Алматы ма?!..
Түлкі құйрық, қасқыр тіс,
Қала бопты өп-өтірік қалғыған.
ІІІ
Босағасын аттап едім шіркіннің,
Қаракөзде қалмағандай туыстық.
Сенде өткен ауырын-ай бір күннің,
Момындарды мойтап жатыр ұрыс қып.
Қазақ қайда?!.. Қарға тамыр бір құрсақ,
Зəулім үйлер күліп алды қарқылдап.
Деп келіп ем туыстықты жыр қылсақ,
Ішіп отыр жау қолынан сарқынды ап.
ІV
Алатаудың ақ жаулығын кір басып,
Бетін бүркеп тығылады мұнарға.
Көше толған кіржік қабақ кіл жасық,
Не болған-ай шеттерінен бұларға?!
V
Өңкей жасық кекшіл жəне тым қатты,
Өзім ғой деп жөн сұрасаң жекірген.
Əділетсіз бір қарбалас шырмапты,
Көз ақысын сұрап-ақ тұр бетіңнен.
Бірін-бірі жеп барады қазағың,
Болмашыға намысшылын қарашы.
«Тұмсықтағы тұрмысыңның азабын,
Сиыр тілмен сылпылдатып жалашы»

Мүйізіңді бауырыңа тыққанда,
Мүмкін емес саған қарау шошынбай.
Көңілің мас бір-біріңді жыққанға
Ақырында ұлт болдың ба осындай?!
VІІ
Не десем де Алматым ғой – сүйіктім,
Маған ыстық ақ шаңқан тау, мұнар күн.
Сүйген жанда күлкісі бар күйіктің,
Мен уақыттан қалып қойған шығармын.
Бар қазақтың алтын бесік үміті,
Бір-біріңді көпсінгенің неткенің?!
Қолымыз бос, жоқ жан едік жұмысы
Астанаға дұрыс шығар кеткенім.
VІІІ
Төбе шашым шыңғырғанда тік тұрып,
Алматыға қол бұлғадым күлдім де.
Ашу менен ызасынан жұқтырып,
Жансебіл жұрт жалықтырды бір күнде.
ІХ
Түсініксіз мақсат пенен мүддеден,
Шаршап кеткен тамыр-тамыр шекелер.
Арпалыс пен өтіп жатыр күн деген,
Қақ жарылған ақ отау мен некелер.
Алматыны тастап шықтым еріксіз,
Астананы– бас қаланы көрмекке.
Айда-жылда бір келеміз сеніп біз,
Көз қансын деп ұлттық бояу, өрнекке.
Х
Өгейсіме мен өзіңмін, өзіңмін,
Сен сұлусың түнің ай да, көгің күн.
Алматы ма!? ..Астана ма?! ..Менікі!
Екі бірдей қарашығы көзімнің!
(ЕКІНШІ КӨРІНІС)
(Үркек ой, үзік жырлар)
І
Үкідегі қармаққа күні түскен,
Үнсіз балық секілді ойшылдар да.
Бас шаһар тұр шықырлап шыны-тісі,
Мақтап-мақтап шаршады тойшылдар да.
Жасарған да жақсылық, жаңғырған да,
Халық берген қашанда бата құтты!
Ұлтқа мұра ұлықтап қалдырған да,
Астанамен қоса ойла, атажұртты!
ІІ
Аңызақта ауыл тұр күн қақтаған,
Арпа-бидай бір күндік қамбасында.
Марғау еркек, мəтөк ұл ыржақтаған,
Өгіз жеккен өмірдің арбасында.
Салыстырып қарашы, қабыстырып,
Қан жылайды жүрегің дала мынау.
Ақиқат пен шындықтан алыс тұрып,
Қалай сұлу болмақсың қарағым-ау?
ҮШІНШІ КӨРІНІС
(Үркек ой, үзік жырлар)
І
Не демекпін?..
Неткен дəурен... алаңмын!..
Адым сайын жалғандыққа кез болсақ.
Төс түймесі ағытылған заманның,
Өкшесінде жылтылдайды жез моншақ.
Тоқсан тарау, сексен селеу көк жұлын,
Қайран ауыл, қайран қазақ бал жұмақ.
Дəтке қуат қылар қанша сөз буын,
Сал сүйегі саудырайды қалжырап.
ІІ
Ерініңнен сүйіп ем қызыл далап,
Шырын татып тұр екен шырғалаңы.
Өзі берген – өзі алсын жырын қазақ,
От пен суда тағдырдың бір балағы.
Ей, Астана – келбетім боп тұр менің!
Жə, сұлусың!..Таққым келмес, түк те сын.
Азын-аулақ наз айтқаным бұл менің,
Көп нəрсені өздеріңнен күткесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу