Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  94


Автор: Сабыр Адай

Баһар-бақтың самалы

Сағындың ба
Баһар-бақтың самалын,
Келді көктем бар, бара ғой, қарағым.
Бүр жарып тұр, гүл жарып тұр көрдің бе,
Көздерінен көңілдегі жараның.
Саған айтып сыбырлайды шын сырын,
Жүректердің тыңдап көрші бүршігін.
Қошақандай қоңыр желдің наз демі,
Қойыныңа тығып алған тұмсығын.
Баһар-бақтың хош иісі мас қылып,
Шапқылайды, шаттанады жас түлік.
Ал содан соң шыққа малып өтеді
Өткен күннің өкініші қас қылып.
Бізден бойын аулақ ұстап мына бақ,
Ескен самал көшкен бұлттар жыламақ.
Бозбала күн бой тасалап барады
Жалаңаяқ əр төбеден сығалап.
Көктем келді көгершінім көрдің бе,
Елемейді енді мұны ел мүлде.
Неге қалқам қуанбайсың, күлмейсің –
Мəңгі жас боп тұрарыңа сендің бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу