Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  106


Автор: Сабыр Адай

Жалбарынып жыладық

Дүбір-дүбір дүрбелең,
Жау табылғыш іргеден.
Жүндей қалмақ түтіліп,
Жүрер жолын білмеген.
Қадау-қадау қарағай,
Құлаққа ұрған танадай.
Бағытынан адасып
Есі кеткен баладай.
Таулар жатыр шыңғырып,
Табалайды қыр күліп.
Сəуегей ит үреді,
Аспан жаққа қылғынып.
Бұлақ шапты демігіп,
Бұжыр тасты кеміріп.
Танауынан от шашты
Тана-бұлттар семіріп.
Айқай-сүрен аспан жақ.
Бір бұлағай басталмақ.
Жерде біздер, көкте олар
Көз шықпаса, бас жармақ.
Өңкей дүрлер күркілдеп,
Өртке ұласты біртіндеп.
Қызыл қаншық – қызғаныш,
«Өлдім –дейді, күлкім кеп»
Қараша үйдің қақпасын,
Қырсық іздеп таппасын.
Көміп əлек көрбақтар
Алып қашқан ақшасын.
Əр көңілде бір күдік,
Келе жатқан кім жүріп?
Жел айдаған құйындай
Кетпесе екен бүлдіріп.
Қарашанақ төбелер,
Қол жайғанмен не берер.
Таңдайдағы шындықты
Маңдайыңа шегелер.
Үнсіз жылап көр күнім,
Құлақ тосар енді кім?
Надан сөйлеп, нар құлар,
Кер ауызды келді күн.
Қайдан білдің, қарағым,
Қандай заман боларын.
Сұңқылдайды бір байғұс
Қақ төрінен моланың.
Құдай əділ бұл анық.
Жалбарынып жыладық.
Жан иесі Алладан –
Бақ-береке сұрадық.
* * *
Елді тыңда
Елде сені тыңдасын,
Елсіз қалай көсем болмақ бір басың.
Баяны жоқ барға шүкір тірлікте
Иман болсын жиғаның мен сырласың.
Шаң қаптырып
Жарты жолда ғапыл қып,
Қанша ердің ұмытқанды атын жұрт.
Көшкен күннің өркешіне жабысып,
Туған айды турап-турап батырдық.
Бозторғайға боз ала таң құндақ боп,
Өткіншіңді шырылдайды жырлап кеп.
Көкек ұшар көптен бойын тасалап,
Бақ пенен тақ баста қанша тұрмақ деп.
Сəскеліктен түске ауғанда ғұмырың,
Өз көлеңкең салар саған құрығын.
Өз-өзіңе дұшпан болып ақыры
Бұзылады бұл тірлікте тұнығың.
Тағдыр салса тар қапасқа шыдарсың,
Қол жеткізбес арман деген шынар-шың.
Құм шағылда қаңбақтарға ілесіп,
Дəруіш боп кеткің келіп жыларсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу