Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  114


Автор: Сабыр Адай

Өзіңді-өзің алдама

І
Бес тілінген маңдайы қара бақ түн,
Жанарынан жылайды балалап мұң.
Өзіңді-өзің алдама , Қазақстан!..
Ұл-қызыңнан жат болып бара жатсың.
Қара бақ түн қайғысын жастанып тұр,
Жан біткеннің көзінен жас тамып тұр.
Береді жусан жолын, қурай қолын –
Көрінген көкаттыға ақталып қыр.
Қайтемін, қалай ғана басыламын,
Жарамды, жан дертімді жасырамын.
Гүліндей Сарыарқаның сəнді едім,
Күліндей қоламтаның шашыламын.
ІІ
Мінеки, менің жаным, менің үнім,
Мен де бір кер заманның елігімін.
Мың жылдың шаршап қайтқан базарынан,
Кім мұңды болса соның серігімін.
Қаншама ғасырларда қайғым қалды,
Ажалға құшағымды жайдым мəңгі.
Мен деп ұқ аққулары оққа ұшып
Кемері қан жалаған айдындарды.
Айтылмай осы жолы қалма сырым,
Ақ шағыл, ақ сағымның жалғасымын.
Жалпақ ел жанарыңнан дерт көремін,
Қарашы қаракөзді шаң басуын.
Əр жусан өз тағдырын жыр ғып жатыр,
Күн өтіп, жыл жылыстап жылжып жатыр.
Өзіңді-өзің алдама, Қазақстан!..
Астында табаныңның шындық жатыр.
ІІІ
Кемесін кербез күннің желкендедім,
«Бір тойым болады» – деп ертең менің».
Əлеміш əр нəрсенің бетін шалып,
Ел болдық кетсең жеңге, келсең келін.
Көрелік көп талқылап кеңесіп ал,
Əлəйім əр дəуірдің белесі бар.
«Біздерде Отан бар ма?!..» – дейді ұлым,
«ЖОҚ!..» – деуге: – негесі мен елесі бар.
Көргенім... арбау болды, алдау болды,
Өнбейтін өтірікті талдау болды.
Ақыры сезім өліп, үміт сөніп
Жүрек соқыр, санамыз саңырау болды.
Өзек жоқ шындық іздеп қарлықпаған,
Өртеніп мұң шағады зарлық заман.
Оятпа, енді мені – Қазақстан!..
Шаршадым... қалжырадым... қалғып барам.
ІV
Аспаның аласарып жасытты ма?..
Жастарың жан беруге асықты ма?!..
Өзіңді-өзің алдама, Қазақстан!..
Қазақ үнсіз болғанмен бақытты ма?!..
Жан барма жатқан бізді олжаламай,
Ту тұрмақ.. тура бисіз қолда қалай?!
Ұлтының маңдайынан сүйетұғын,
Бір ұлды тумаған ба, сонда қалай?!
Шындық-хақ!..
Хақтан қалай ақталасың?!
Қандырды дұшпан көңіл, жат табасын.
Жалығып кетті халық жалғандықтан
Лəззатын бостандықтың татпағасын.
V
Жан беріп, жан алысқан жарты ғалам,
Ғаламның құлқы құрдым, нарқы жаман.
Дегенмен жастар сүйсін болашақты
Түн басса... таңды күтсін жарқыраған!
Сүйіңдер сүмбіл шашын ару-күннің,
Жылынып шуағына жалын жырдың.
Жастарым: – Ел сенікі,Жер сенікі,
Сəл шыда, құлыншағым, сабыр қылғын!
Баһадүр бар жақсымен баталаспын,
Баталаспын, бауырмын, аталаспын.
Қоғамның барлық мəні: – Сендерсіңдер!
Жасасын, Жас Қыраны Жас Алаштың!

Өмірде жалын да бар, жасық та бар,
Жалғанға жан-тəнімен ғашық та бар.
Кез келген сəтсіздіктің ақырын күт,
Артында адам сенбес бақыт та бар.
Қаншама шоқпар тиді қарақұстан,
Кеудең бар құзғын біткен талап ұшқан.
Тым көптеу жеткеніңнен – жетпегенің,
Өзіңді-өзің алдама, Қазақстан!
Бес тілінген маңдайы қара бақ түн,
Жанарынан жылайды балалап мұң.
Өзіңді-өзің алдама , Қазақстан!
Ұл-қызыңнан жат болып бара жатсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу