Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  96


Автор: Сабыр Адай

Әншіл қолат

Көп ойнаған көк тал қолат жасыл бақ,
Көптен көзін, менен сөзін жасырмақ.
Не айтасың бала күннің бағбаны,
Бəрі басқа, ай өзгерді, ғасыр жат.
Ескіліктің көзі болдық біз демде,
Əр тайыпты əншіл қолат сізден де.
Шырқап-шырқап шыңнан құлап кетер ем,
Өмір зая деп айтқанда біздерге.
Қап, əттеген, бұлыңғыр таң, бұла күн,
Бітеп алып тыңдамайды құлағын.
Сəн кетседе мəн кетпесін жұртымнан
Сақтай көрсін қыз қылығын, ұл арын.
Қайтем енді, қайғы-мұңды жолатпа,
Өмір деген өткінші бұлт, сол-ақ па?
Маған қайта оралмайтын күндердің
Сағынышты сазы қалған қолатта.
Мендік тағдыр ақ сағымның сыңары,
Тағатымның таусылғандай шыдамы.
Кəрі ағаштың иіп едім бұтағын,
– Таныдың ба, – деп егіліп жылады.
– Таныдым ғой – балалықтың табынан,
Қайғы ойлап, қартаймашы жалынам?!
Көлеңкеңе саяқ келген құланмын
Көп жерініп өзінің сол қағынан.
Ағаш мені, мен ағашты аймалап,
Түнді түрдік, жұлдыз теріп, ай қарап.
Жел-жеңешем кетіп жатты асығыс
Кəрі ағаштың жапырағын сайлап ап.
Менде сосын жапыраққа айналдым,
Бір бұтаққа бүр жардым да байландым.
Дір-дір етіп төрт құбылаға қараймын
Жұлып алып кетер екен қайдан, кім?!
* * *
Жел азынап
Бұрқыратты боз құмды,
Қабақ шытып қариялар сөз қылды.
Дауыл тұрды қара бұлттар жөңкілді,
Бізді солай қорқытпаққа көз қылды.
Көрдемшесі,
Көртышқаны тығылды,
Көзден атты көк бет дауыл бір ұлды.
Көкем бар-ды көбік ауыз сөз білген,
Көтеріп ап өкшелерін шығынды.
Сабау қамшы сары желдің ызғыны,
Жон арқаны тосып сездік біз мұны.
Сойқан жел мен сорға сіңіп жоғалды,
Сорлы ұл мен солқылдаған қыз құны.
Дауыл өтті тасқын тасқа бөгелді,
Қара күлге қара бура шөк енді.
Көрден шыққан көртышқандар содан соң,
Шықылықтап тағы өріп жөнелді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу