Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  114


Автор: Сабыр Адай

Аман өрдік

Таң атты, тағы міне, күлімдеді,
Тербейді тебірентіп бір үн мені.
Есен-сау елді көрдік,
Жерді көрдік,
Құша түс құралайым енді мені.
Таң атты күн сəулесі мөлдіреді,
Жамырап төрт түлік пен төл жүреді.
Есен-сау көрші-көлем
Аман өрді,
Бұралып бұлақ билеп, көл күледі.
Таң атты қарға да мəз, қарылғаш та,
Толғандай қуаныштан жаным жасқа.
Есен-сау қара жерге
Қадам бастық,
Бекініп жазатайым жаңылмасқа.
* * *
Ертелеу кетіп еді еркемнің көгілдірі,
Есейтті өмір мұны.
Қаңқылдап қазбен бірге,
Көктемнің төгілді үні.
Ертелеу кетіп еді еркемнің сағынғаны,
Жастықтың жаңылғаны.
Қауырсын қанатынан,
Ақ уыз ағылды əні.
Ертелеу кетіп еді еркемнің балапаны,
Атты да жаңа таңы.
Жұлдыздан моншақ тағып,
Жұптасып баратады.
Ертелеу кетіп еді еркемнің ақ арманы,
Еркелеп тағы алдады.
Еркетай жылап тұрды,
Елжіреп саған жаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу