Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  103


Автор: Сабыр Адай

Өлең болсын серігің

Қане, жайғас,өлең болсын серігің,
Удан ішсін дір-дір етіп ерінің.
Таңдайыңа нəр тамғанша басып көр,
Буаз күннің қызыл тамыр желінін.
Мастанғасын мамық төсек керек пе,
Мас жандарға айтып жүр ғой ел өкпе.
Іңгалаған тілегімді орап ал,
Маңдайыңнан мамыражай жел өпсе.
Шалықтасын шағаласы үміттің,
Өтіп жатыр бір саусағын бүгіп күн.
Ұшып кетті құйрық жағын көрсетіп,
Көкек күліп көздеуінен үзіктің.
Көкек күннің артын көріп налыппыз,
Төбет иттей талға жатыр сарып күз.
Кіл шындықтың шаранасын шыңғыртып,
Бесіктерге белден таңып, салыппыз.
Қарай-қарай атар таңға барамын,
Хан қарашыл, ел тобашыл сана мұң.
Көп шындықтың кезек тербеп бесігін,
Мен өзімде жындануға қарадым.
Қане, жайғас,өлең болсын серігің,
Удан ішсін дір-дір етіп ерінің.
Таңдайыңа нəр тамғанша басып көр,
Буаз күннің қызыл тамыр желінін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу