Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  121


Автор: Сабыр Адай

Шабыт

Кірпігін кіл арманға қалқалатып,
Мұны бір мың қайырма салтанат ұқ.
Өлеңнің ерінінен сүйдім талай,
Өртеніп, күйіп-жанып шалқалатып.
Салдырып самал желге қайырмасын,
Жан-телім жалаң төсін қайымдасын.
Жастандым қара өлеңнің қолаң шашын,
Қол беріп қос бұрымын айырғасын.
Атады сыңғыр-сыңғыр сырғасып таң,
Нəр таттық екеуара жыр қасықтан.
Жыр іздеп төсегімнен оянамын,
Қырманшы секілденіп қырға асыққан.
Көрсетті жыр келіп құз, күй келіп із.
Сол өлең бала жастан сүйгеніміз.
Аймалап ақ төсекте өлең құштым –
Ақша бет, алма мойын, күймелі қыз.
Көктемде күміс шашқан таңдай болып,
Немесе Ханшайым мен Хандай болып,
Тояттап ару-жырдан жатам сосын,
Жұмақтан жаңа келген жандай болып.
Білмеймін бұл шабыттың себебін дөп,
Еркімді ерке жырға беремін көп.
Ару-жыр ақ төсегін жинатпайды,
Шашылған моншағымды теремін деп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу