Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  116


Автор: Сабыр Адай

Тілекшіміз

Ел келді дос пен туыс əн байрағы,
Қырмызы қыз өспесе, сəн қайдағы.
Болғайсың,
Ерге сүйеу
Еліңе құт,
Бармақтай бағыңа сен маңдайдағы.
Ұша ғой
Ұлық күннің қос сұңқары,
Біз енді тілекшіміз шалғайдағы.
* * *
Сен ішпегін мен ішейін бұл
у-ды,
Сен-ақ болшы ғұмырлы.
Естіп қойып өлең деген бақытым,
Есігімнен күліп кейін бұрылды.
Босағаға құшақ ашып жүгірдім,
Бордай босап үгілдім.
Күміс күй мен жасын жырдан жаралғам,
Басқа маған керегі жоқ түгіңнің.
Мен-өткенмін,
Болашақпын,
Жə, жарайды бүгінмін!
Қауызынан
Шырын ұрттап, балын іш,
Өлең деген – гүлімнің!..
* * *
Елесін есте қалдырып,
Кірпігін жасқа малды үміт.
Сарғайды сансыз жапырақ,
Уəйімнен алқа салдырып.
Адам түгіл
Күн батты,
Тамағын тауға шалдырып.
Ай болсаң да – асқынба,
Күн болсаң да – күбінбе,
Таңғы торғай секілді,
Қарын тойса қалғыдық.
Ой түбінде –
Маржан бар,
Оянып көр, ал жігіт!?
* * *
Халық болдық қамдандық,
Табыт болдық алдандық.
Жағалау алыс, жан пида,
Сағымыз сынып сандалдық.
Түсіндік сосын түңілдік,
Телміріп түнге үңілдік.
Телегей теңіз көңілмен,
Толықсып, толқып бүліндік.
Құлдырап шауып шідерсіз,
Тірліктен бақыт тілерсіз.
Өксіген осы өлеңнің –
Қадірін бір күн білерсіз!
* * *
Сөз айтқан талай шешен суырылып,
Жоғалған сан шындықтың туы құрып.
Байларды байлар қорғап,
Жарлыны алдап,
Келеді қу дүние қуырылып.
Зар айттым зауал кешіп заманыма,
Ар түсті ахиреттің табанына.
Əділетсіз майданның құрбандары,
Нағылеттің құламақ аранына.
* * *
Қоңыр қала,
Қожайыны жас бала,
Туа салып əкім болған тас бала.
Бұл баланы қайта туу керек қой,
Ақыл айтып жүру үшін басқаға.
Бос қойғаның
Жақсы еді үстелді,
Не ойладың, Астана!?
Кім қарайды!?..
Мынауыңды алып кет,
Тастама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу