Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  129


Автор: Сабыр Адай

Құламайтын биік жоқ

Сұқтанады сан қарға,
Арлы жүрек алданба!
Түлкі бұлғар құйрығын
Қыран бүркіт самғарда.
Тобылғылы тораңғыл,
Топты жарда боран қыл.
Қамсау болар түлкіге
Қара шеңгел, сораң қыр.
Ымы бірге ындын көп,
Көп қорқытар бір күн кеп.
Көзді жұмып қалғыма
Шың басында тұрмын деп.
Жер бетінде зұлымдық,
Екі зорлық, бір ұрлық.
Өңеш біткен өрлейді
Бас сүйегін тұғыр қып.
Көкті сүйген қыраным,
Көптен қорық шырағым.
Жар түбінде жауың тұр
Көз бен тігіп құлағын.
Жарды ұмытсаң құладың.
Жауды ұмытсаң жыладың.
Қызғаныштың қақпаны
Шыңға біткен тұрағың.
Шыңға ұшып барғанға
Шын мақтанып алданба!
Құламайтын биік жоқ
Құл жағадан алғанда!
* * *
Ат-шапан,
Ат-тон айып бергелісің.
Серт байлап, серке сайлап сенгені үшін.
Төзіммен қанағаттан
Туған халық,
Көп шыдап ту түбінде келгені үшін.
Тереңнен тергеп жидық сөз халал-ды.
Көптен сөз, көктен найза көз қадалды.
Сен маған қарыздарсың хан мен төре –
Білмейді деп жүрсің бе өз бағамды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу