Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  102


Автор: Сабыр Адай

Асығамыз

Арбакеш аттан көрер зорыққанын
Ат байғұс жолдан көрер сүрінгенін.
Білдірмес екі тағдыр торыққанын,
Көзінің желмен сүртіп іріңдерін.
Арбакеш, ат пен арба айдалада
Қорлайды бірін-бірі ентіктіріп.
Аңдысқан дүние ғой қайда қара
Таңдайды құрбандығын шертіп тұрып.
Ат өлді, арба сынды,сүрлеу қалды
Арбакеш қожайынға құлдық қылды.
Əйтеуір бірді-біреу күндеу мəңгі
Еңкілдеп есі кетіп шындық тұрды.
Күнəһармыз, күншілміз,
Жасырамыз.
Жолға шықтық бір шыңға жету үшін.
Болашаққа біз байғұс асығамыз,
Өткен күнге айналып кету үшін.
* * *
Мынаусы иман-зарық молдам еді
Анаусы достық жайлы толғап еді.
Шұбалған шұрық тесік кезбе бұлттар
Келеке қылып өтті ол да мені.
Қылаң боз, шымқай көрік қырдың белі
Кеудемде күміс кемер жырдың легі.
Бір қастық
Бір достық пен күн өтуде
Жалғаннан кімді сүйіп, білдім нені?
* * *
Іңір келді, шыдасақ болар сəрі,
Пенденің таңға құмар, сол аңсары.
Көз сықты көн етіктің қонышынан
Кесілген кер табанның толарсағы.
Тең-құрбы ол да қонақ аз күн ғана,
Сарнауық сары желмін, сазбын дара.
Ішінен жүрегіңнің мені іздеші
Отырған қара түнде жалғыз ғана?!
* * *
Кеудеме жеті қат көк, жер қонақтап
Ай мен күн дамылдады.
Көңілге аз күн сыйлас ер қонақтап,
Төгілді əн ырғағы.
Жайнаған гүлзар бақша көкірегім,
Жан-қауыз, жасыл желек.
Жыр баптап, елді сүйіп өтіп едім,
Біздің қан асыл демек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу