Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  149


Автор: Сабыр Адай

Әже-төбе, Әлди-көк

Əже-төбе, əлди-көк көктем келді бүр шығып.
Бүрге біткен тамырға бүлкілдейді жыр сіңіп.
Кімді күтіп жүр екен,
Етектері гүл екен,
Əр төбенің басына мұнаралар бір шығып.
Бір арман бар ағайын,
Қыр көзінде, қыратта,
Болашақ пен бір атта.
Біз бəріміз жауаптымыз ертең-ақ,
Ұл мен қыздың көзіндегі сұраққа.
* * *
Жұбатудың қажеті не, өртендім!..
Жылап тағы туар екен ертең кім?
Бір молаға қалақ бола қалыпты
Қой бастаған ай мүйізі серкемнің.
Қолат-сайдан қобыз тартты нар қамыс,
Бұл да енді бұлыңғыр күн, алданыш.
Өмір у-ғой, У ішінде тіршілік,
Уын ішсең тəттісінен таңдап іш.
Жын көбелек жыр қауызын жастанған,
Келді ұшып аспаннан.
Көбелекшіл көңілі бар пенденің,
Тəңір айдап тəтті у-ға бассалған.
* * *
Күзбін жаным, жапырақпын сап-сары,
Көктем өтті, жаз жырымды жаттады.
Тулап тасып, турап басып өкшелер
Жапырақтар жансыздана бастады.
Қар қылаулап қалар сосын тапталып,
Қош айтысар қоңырауын бақ қағып.
Қолды болып ажал атты ұрыға
Айтты-айтпа кетер байғұс аттанып.
Күз де көркем тіл табысып байқармын.
Оңашада ой бөлісіп, айтар мұң.
Жарық күннен жанға шуақ құт сұрап,
Алғанымды жырымменен қайтардым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу