Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  108


Автор: Сабыр Адай

Ел мен жерге тіл тигізген ессізге

Қансырап жүріп соғысты,
Əлсіреп қайта толысты.
Бабамнан қалған бұл мекен,
Адай да Адай болғалы
Маңғыстау деген қоныс-ты.
Қонақ болсаң қойдай бол,
Өмір сүрсең тыныш жүр,
Жұғыса бермей жол үсті.
Шемен боп қатқан шер кеуде,
Көне қоймас жерлеуге.
Көктеген əрбір жусанның,
Есебі бар кеудемде.
Асқақтасам көкпін мен,
Қайғырсам бұлт боп шөктім мен.
Пірім Бекет бастаған,
Шалдарымды оятсам,
Қытайдан да көппін мен.
Көргенсіз бейбақ не көрсін,
Жанбай да жатып сөнерсің.
Мен бір тұрған сексеуіл,
Тұтанып кетсем намыстан,
Тірілей жанып өлерсің.
Отты қалай бөгерсің.
* * *
Тұманды қырдың толғағы жетті,
Ашылмай тұман қорлады көпті.
Алыстан қарап ағайын күлді,
Қырдағы қазақ сорлады депті.
Осы бір тұман сөз болып көптен,
Сөзіміз сосын бөз болып кеткен.
Сандығы сынды қоқыс біткеннің,
Санамыз біздің өзгеріп кеткен.
Болашақ қайда, өткенім кəне,
Қылады содан текті елім дəме.
Жабағы күзеп жабысады екен,
Еңкейген елге еселеп бəле.
Тұманның ізі жұт емес пе екен,
Тұмаудың түбі құрт болмақ, əне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу