Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  112


Автор: Сабыр Адай

Олла, шын

Ақын деген қорғасын ғой, қорғасын.
Еріп кетті сор басым,
Өлең сөздің теңселдірдім жорғасын.
Көз-бесікке салып алып бейнеңді,
Мен – тəуелсіз,
Сен – бодансың, тордасың,
Шарасызбын, олла, шын!
Қарап қойып өте шығам тұсыңнан,
Жат бақшаның жалғыз гүлі болғасын.
* * *
Кел, жылап ал,
Көшір қырдың белесін,
Өзің өліп күн кешеді елесің.
Көз жасыңды мен сүртуге дайынмын,
Мүмкін тағы жылау үшін келесің.
Мұның өзі түсінгенге басқа жыр.
Жер – ару да, аспан – ұл.
Қара көзін менен алмай жылайды,
Қара тасты жарып шыққан қасқа гүл.
* * *
Бəрін-бəрін,
Бұл сұңғыла байқар жан,
Байқағанын жыр тілімен айтар жан.
Жүрегіңнен
Айналайын оқырман,
Мен – көбелек, Сен – гүл бақша жайқалған.
Жетім жырдың
Сен қорғаны шын-қазақ,
Өлең мазақ, енді, əрине, жыр мазақ.
«Өлең ғой» – деп
Лақтырды анау дүкенде,
Кітап бетін ашып көріп, бір кəззап.
Тұғыр неме,
Нені сүймек ал басқа,
Сөз Патшасы өлең түсті жамбасқа.
Сол бір есек көз алдымнан кетпейді,
Сол дүкенге бекіндім еш бармасқа.
Аққуларым, аққу-назым өлеңім,
Қазақ сенен алды қанша керегін.
Таңдайына
Уыз қатып, нəр берген,
Əу басында қайран өлең Сен едің!
(...Аппақ сүтке тағасыңыз неге мін?!)
Қол-аяғым дір-дір етіп,
Бұл жолы,
Бір қазақы дүкен іздеп келемін




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу