Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  178


Автор: Сабыр Адай

Егіз шумақ, бір тілек

І
Тəңір бермей бір тал ағаш көктерме,
Тамыр салар барлық тірлік өткенге.
Тамырына балта шапса не болмақ,
Жеміс берер, сəтте, ағаш бөктерде.
Азамат та – елге сая тал шыбық,
Артар оған атамекен қанша үміт.
Ақпай жатып көме берсең қайнарды,
Қалар түбі қарғыс атып сарқылып.
ІІ
Қарғыс тиер Хақ бергенін таптасаң,
Өзіңді жау, жауды дос деп ақтасаң.
Ұл туғанмен қажеті не қор тұтып,
Қол-аяғын кісендеулі сақтасаң.
Елі жоқ Ер, Ерде болса тым жасық.
Жатпағасын жан-елімен жымдасып.
Азаматты туа білу бір бақыт,
Қорғай білу, қолдай білу мың бақыт.
ІІІ
Білгеннен соң туыс кетіп қалғанын,
Дұшпан салар жат пен сыбай салмағын.
Сақтай жүріп, құлдануды білмесең,
Неге керек алтын тауып алғаның.
Туа білу азаматты шын бақыт,
Өсір оны, өнеге бер, шыңға шық.
«Бəрі тайлақ қолда өскен түйенің»,
Бұл шындықтын құтылады кім қашып?!
ІV
Ұл: « ұлым!..» – деп,
Ел: « Ерім!..» – деп зарықсын,
Ұлтқа ылайық ұл тумасаң табытсың.
Баққа ылайық мүмкін емес болуы,
Таққа ылайық ұл тумаған халықтың.
Жат жасампаз!..Бірақ жат қой түбінде.
Жаттан жақын жасаймын деп бүлінбе.
Өз құрсағың жүрегіңе жақын тұр,
Өзгелердің етегіне үңілме.
V
Ұлың сені ұлы көште ел қылар.
Өрге сүйреп өзгелермен тең қылар.
Өз ұлыңды
Өзгелерден қор тұтсаң,
Шынында да Құдай сені кем қылар.
Жат қабағын жалынышпен бағарсың,
Тұрса кебіс, жатса жастық саларсың.
Əр ұлыңды қорғай білсең көп болып,
Көпке тұлға жылда бір ұл табарсың!..

Хақ береді!..
Білген сайын бергенін.
Алла сүйер сүйгенімен, сенгенін.
Мыңнан тұлпар,
Жүзден жүйрік ұлыңның,
Ұлықтай біл мəңгілікке еңбегін.
Тəрбие бер көзін аш та жарыққа.
Иман-əдеп, ғылым сыйлап жалықпа.
Өзге тіпті
Бұлдап берер күшігін,
Өз ұлының құнын білмес халыққа.
VІІ
Таусылмайды жат пиғылдың айласы.
Бірлігің сол елдігіңнің айнасы.
Əр ұлыңның болмаса егер сұрауы,
Көптігіңнің бола қоймас пайдасы.
Сен ойлама елсіз еппен жүрмін деп.
Елсіз болсаң жау қорлайды бір күн кеп.
Елдігіңді таптау үшін аяққа,
Ерлеріңді дұшпан құртар бір-бірлеп.
VІІІ
Өнеге бер өз ұлыңа бесіктен,
Шыңдалады шынды ерте есіткен.
Итіңнің де болсын жаным сұрауы,
Жау именіп кірсін десең есіктен.
Алашымның алыптары – Құрбаным!
Есіңе алып Ер есімін тұр жаным!?
Өзіңді-өзің Хан ұлындай сыйлағын,
Көріктіңнің көлеңкесін бұлдағын.
ІХ
Рəсуа қыла көрме, Ерлерді!?
Ері сыйсыз елге дəйім шер келді.
Өз ұлыңды өзегінен тепкенмен,
Өзге сүйіп хан көтермес Сендерді!
Рəсуа қыла көрме, Ұлыңды!?.
Ел болам деп ойлап жүрсең тұғырлы.
Құдай берген байлығы сол – Халықтың,
Қазағымның Ұл мен Қызы бүгінгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу