Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  109


Автор: Сабыр Адай

Күйелі ғасыр - күйікті жорық

І
«Халық жауы» түрме толы қан майдан,
Батар күн мен ұмытты ел таң қайдан.
Көлеңкеңе көзің түссе шошынып,
Тілсіз өліп, сақау болдық сан жайдан.
Оң мен Сол-ға, бай-жарлыға толған шақ,
Ерге жала, елге нəубет қолдан сап.
Қазақ болып өмір сүру үшінде,
Басқа болып ойлау керек болған шақ.
Өңкей үрей өмір бір сəт күлмеді,
Тек сүйретіп тірлік қылды сүлдені.
«...ИЗМ-дердің» кіріп алып астына
Жер жүзілік сұм мен сұрқай гүлдеді.
Қабақтарға қырау түсіп, қар басып,
Өлім менен өмір жатты арбасып.
Бай мен жарлы, ұлт пен ұлыс, дін мен діл,
Бірін-бірі қырып салды дарға асып.
ІІ
Аз халықтың білім болды іздері,
Оқу!..Оқу!..Жігіт желі, қыз легі.
Тəуелсіздік алыс еді біз үшін
Алып құрсау аяқ-қолды тіздеді.
Сексен алты!.. Босағада бақ тұрды!
Аршыл Алаш, намыс отын жақтырды.
Есін жинап Ер Қазақтың ұл-қызы,
Есі кетіп бес қарулы жат тұрды.
Бұл енді бір болашақтың дастаны,
Бүгулі тұр мың шындықтың астары.
Күллі əлемнің қызыл шынжыр құрсауын,
Алғаш үзген Алашымның жастары.
ІІІ
Ата дəстүр ұлы жеңіс байрақ бұл,
Ұл-қызына құшақ ашты жайнап қыр.
Ал сондағы төгілген қан, шыққан жан,
Əр қазақтың жүрегінде сайрап тұр.
Біздің істі бізден бұрын байқар жат,
Шындық жоқ па!?..Елден ырыс қайтар бақ.
Сол бір күннің елесіндей қып-қызыл
Көп қызғалдақ сай-салада жайқалмақ.
ІV
Бөліп беріп келгенменен кеткенге,
Ұмыт болып иман-аят Меккең де.
Кіл жемітшіл асап-асап жеп алды
Тəуелсіздік өліп-талып жеткенде.
Түсініксіз жерде жоқтау, аспан үн.
Сонда көрдім қойыныңда тас барын.
Қан-қан болған қанатымен сол шындық
Жаңаөзеннің қаусырады жастарын.
Өз ұлынан көз тасалап ыққан кім!?
Өңешімнен нəр өткізбей сыққан кім!?
Ойда жоқта оққа байлап біздерді
Қапияда қан-қан қылып жыққан кім?!..
Қазақ едім қақпай көрген, шет көрген,
Іштен дұшпан, сырттан қанды кек – төнген.
Ағайын ба қара жағып, қақсатқан,
Аға , Сен бе!?..Əлде, мені жек көрген!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу