Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  112


Автор: Сабыр Адай

Ұлы баба және ұл тілегі

Пірім Бекет,
Қайда барсам қасымда.
Ерден дұға, елден алғыс асылға.
Тілек тілеп
Түнеп, міне, жатырмын,
Хақтың құлы Пір Атаның басында.
Көп жамағат
Ой үстінде мінəжат,
Тізе бүкті құбылаға тұра ғап.
Мейірімнің дастарқаны көл-көсір
Шөліркеген шіркін көңіл жыламақ.
Біреу отыр
Бітпес сордың құрбаны,
Біреу отыр, əрең, жеткен құр жаны.
Жан Бабасын ортаға сап қол жайған
Бəрі осының бір Құдайдың құлдары.
Сан қайғыдан
Сарсаң болған сананың,
Қайсы бірін айтып болам қарағым.
Үкілеген үмітімнің шырағын
Үзбей жағып менде кетіп барамын.
Сəуле іздеп,
Жарық іздеп жаныққан,
Шүкір еткен, пікір еткен таныс маң.
Қиялымның аспанында бір елес
Бабам болып бата берді алыстан.
Тəңір тілек,
Жақсылықтың даңғылы.
Мойынымнан түскендей бір нар жүгі.
Көз алдымнан өтіп жатты өмір шын
Өткен өксік, көрген қызық барлығы.
Жұпар самал,
Жұлдыз жақын тұнжыр түн.
Сыршыл жүрек үнсіз жүдеп жыр қылсын.
Пір Бекетім – Менің Темірқазығым!
Сəби көңіл сені іздеп шыңғырсын.
Іңгаласын қолтығыңа тығылып,
Бір қарашы Пірім-Бекет бұрылып?!
Елесіңе еріп келем Жан Бабам,
Бірде тұрып, бірде құлап жығылып.
Мұсылманның –
Бір кіндігі мына қыр!
Басында отыр Пір-Атаның жылап ұл.
Қайыры бар қанағат пен төзімнің
Ей, Маңғыстау енді сəл-пəл шыда бір.
Тұрмын, міне, Маңғыстауды қызғанып,
Жат ниеттен жатыр төрде із қалып.
Пірім-Бекет!..Атажұртты қорғай көр,
Келе жатқан кер пиғылдан сызданып.
Бақыт қой сол,
Бізге берген бұл-дағы,
Ұл ұлықты , болсын қызым сырғалы.
Əулие-Пір, Машайыққа мың дұға –
Аз Халықтың Құдай сүйген құлдары!
Нұрлысың Сен,
Ақ сəулелі күнненсің!
Жан жасарып, көңіл жайнап бүрленсін.
Жасырып қал жаудан бізді Жан-Бабам,
Қырсық кетіп, Қыдыр дарып гүлденсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу