Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  125


Автор: Сабыр Адай

Қыраулы қыс және қала

Қыс келіпті жаз бенен күз жылысып
Қатып қалған мұз мұңайып, құнысып.
Қар құрсаған қала маңы мүлгіп тұр
Ақ қояндай төбе біткен бүрісіп.
Өз дегенін жасап жатыр мезгілің
Тіршілікке салмайды уақыт көз қырын.
Тереземде теңдесі жоқ көп таңба
Сан сиқырдың жаза салған сөздігін.
Көкірегі буға піскен мұржаның
Мұрынында шығар-шықпас тұр жаным.
Кірпігіме мұз ілдіріп күрсініп
Өзек кеуіп, өрттей жанып құрғадым.
Қала қарлы,
Менің жаным ақ жалын
Жырдан таптым тіршіліктің бар мəнін.
Жүрегіме жауған қардың ұлпасын
Қауырсын ғып қадап алып самғадым.
Ақ қанатты періштедей ақ қарым
Көңіліме көркіңді сап сақтадым.
Қар мен мұз да
Мендік жанның қонағы,
Болмысы сол ақын деген қасқаның.
От пен суға қатар түскен көбелек
Ақын болсаң сен де ізіне ере кет.
Қарлы жолда келем басып сықырлап
Қара жерді өкшемменен шегелеп.
Тал денесі мұзға айналып тұншыққан
Кешегіден кештеу атты қырсық таң.
Қарлы қала ұйықтап жатыр бүк түсіп
Тұмау тиіп тесік пенен жыртықтан.
Маған аян сырқатың да, сыр-мұңың
Құрсау қала – осы сенің шындығың.
Тұмау тиіп талқан болған танаудың
Тесігінен көрініп тұр ындының.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу