Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  131


Автор: Сабыр Адай

Бейбіт күннің бесігі

Атпақсың!..
Мылтығыңды оқтап алып.
Ойланшы?.. Жазығы не, тоқта, Халық!?
Майқурай,
Марқа шүйгін,
Бүрлен-бүршік,
Кетпесін майқарағай отқа жанып.
Ішіне тартып алып ғалам демін,
Сарғайған сары уəйім самал белім.
Құба тал, қоғалы көл, қырмызы қыр,
Аман бол, алтын бесік – далам менің!
Желкілдеп жасыл тоғай ер жетіп жүр.
Ерлерді елдің жайы шерлі етіп жүр.
Түбінде əр жусанның бір бозторғай
Бесігін бейбіт күннің тербетіп жүр!
* * *
Тау гүлдеп, талшын бүрлеп танығандай.
Тірліктің жүрген сəтте мəні қалмай.
Аман ба ат-көлігі алты қырдың
Алашты біздей сүйсін жаны қалмай!
Көңілдің не тілейді зары мына.
Көз қанбас, күннің нұрлы жарығына.
Сарқылған сая таппай тағдыр болса
Жылынсын мендік жырдың жалынына.
Жан қалқам жаныңдамын, тілегіммен.
Жүр жаным жетелейін білегіңнен.
Əлемде қанша тағдыр жылап жүрсе,
Көз жасын сүртсін менің жүрегіммен.
* * *
Еншісі жəутеңдеген елік кімнің!?
Елжіреп ай мен күнге теліп тұрмын.
Сені іздеп келдім Жем мен Ойылыма,
Талшын тал желіктірдің, еліктірдің.
Көкте қу, көресің бе ойда қарға.
Дүние солай жаным ойлағанға.
Мысалы еспелі жыр, кестелі қыр,
Жетпейме екеу ара ойнағанға.
Жаныңа не тілейсің сұра құрбым!?
Мен де бір көкжалымын құба қырдың.
Берейін көрімдігін, көңіл нұрын,
Біледі талшын талдың тұрағын кім?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу