Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  107


Автор: Сабыр Адай

Жылдағы жаңалық.

Бұл ауылда жалғыз ғана жаңалық,
Жаңалаған сан алып.
Құрдасжанның тағы өзгерді төсегі,
Айырғанша жасамайды қаралық.
Күн ерініп атып-ақ жүр таң арып
Қалдық, міне, жаңарып.
Құрдасыма алғыс айттық жылда бір
Біздер үшін келіп жүрген бал алып.
Құрдасым тұр
Тұмса туған түйедей,
Екі көзі аларып.
Алып соққан бір аққуды айдыннан,
Жан берісіп, жан алып.
Тұрақтайтын түрі бар,
Қарап отыр қадалып.
Кірсе-шықса шам алып.
* * *
Елді іздесең, ерді іздесең шынымен,
Тілдес анау даласы мен шыңымен.
Ағайынның сөзін тыңда, ғұрпын ал,
Ақынының жырымен.
Қанып ішкін, жан шөліңді жасырма,
Жетер сыры ғасырға.
Қойыныңды тазарт өзің , ниетпен,
Қолыңызды созар болсаң асылға.
Көп алданған, көңілінде күйік бар,
Тізерле де ғазиз басты иіп бар.
Шыны менен ұлы болсаң даланың,
Жылап тұрған көздерінен сүйіп қал.
Дəуір сыздап, бауыр мұздап қатаймақ,
Көкаттылар көп күлгесін атойлап.
Кім сенеді бауырға да, басқаға,
Төбесіне шыға берсе жат ойнап.
* * *
Сəлем саған, атқан таңның ақ жүзі,
Өткен түннің жүрегімде қалды ізі.
Сұлу кетті кеше түнде қош айтып,
Бір əулеттің жалғызы.
Қос бұрымы қосарланған даңғыл-ды,
Оны қанша бозбалалар əн қылды.
Сəнін алып, тəнін алып жөнелді,
Əнін бізге қалдырды.
Əттеген-ай, əттеген-ай, əй білгем,
Жат көріп ем... жан емес-ті жəй жүрген.
Жалғыз аққу ұшты кетті, жөнелді,
Қоңыр түнде қош айтысып айдынмен.
Таң күледі сенікі не, ақын деп,
Басу айтып əулетіне жатыр көп.
Маңдайымнан сүйді үнсіз жеңешем,
Ақын біткен аққуларға жақын деп.
* * *
Сүйген жанда жазық бар ма, зар қылдың,
Деп жылайсың жалғызбын.
Сүйе білдің жүрегіңмен екеусің,
Қанша елесті қарашыққа қалдырдың.
Сүйген жанның жан қалыбы өзгерек,
Өзгелігін айта білер сөз керек.
Сүйе білген адал жансың сен деген,
Бақыттысың, төз демек.
Сүйе білдің,
қорланбағын, тік тұрғын,
Сүйе білер жүрек барын ұқтырдың.
Сүйе білу, шыдай білу шынымен,
Білген жанға құт құрбым!..
Сүйе білсең сен асылы пенденің,
Тең келеді текті жанға жерде кім?!
Сүйген жанды қорлай көрме қарағым,
Хақтың құлын қыла көрме ермегің!
* * *
Кебеже қарын кең қыр-ды,
Кемелдеп бабам ел қылды.
Қаптаған жау кеп содан соң,
Қап-қара жер мен тең қылды.
Бұрқырап шаңы ғасырдың,
Сүйек боп қанша шашылдым.
Ізімді аңдып көп дұшпан,
Жүзімді құммен жасырдым.
Түбектен кетіп түн кештім,
Қабарған бұлт пен күлмес түн.
Бітеулі көз бен құлағым,
Сөз айтпай үнсіз тіл кестім.
Қаралы көшті қалқалап,
Жасады шалдар əр талап.
Маңғыстау саған мен келдім,
Соның да бəрін арқалап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу