Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  73


Автор: Сабыр Адай

Күнінде ару еді

Бəрі де қалжыраған қарайғанның
Өзі жоқ, қазығы бар талай нардың.
Сиреген,
Селдіреген торғын сынды
Іріп тұр бет пердесі сарайлардың.
Ойылған терезесі, босағасы,
Қасқаның қайда кеткен отағасы.
Осы ма көрген шындық
Білген сұмдық
Көңілім көрінгенге босамашы.
Ауыл тұр
Түлігі жоқ, түндігі жоқ.
Мысалы, бір күні су, бір күні от.
Қай зарын
Қарашаның жеткіземін
Күнінде ару еді бір міні жоқ.
* * *
Бəрі өсек оңға қара, сол да сын.
Жаназаңа ерітіп жүр молдасын.
Өзгереді Адам түгіл дүние
Айдың күні, күннің жылы толғасын.
Көктем шуақ шашатын-ды көк гүлдеп,
Көп күледі гүлін таптап өттім деп.
Сосын мен де бура сынды бұрқырап,
Боздап жүріп жырдан нөсер төктім кеп.
Шалғай барып шаршы топтан құладым,
«Құлады!..» – деп салып жатыр құл əнін.
Ешкімді де көргім келіп жүргем жоқ,
Тек тезірек өтсе екен бұла күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу