Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  127


Автор: Сабыр Адай

Маңдайыңа дөп тиді

Атамекен жүзің моншақ төгілген,
Қабырғаң бар қан-қан болып сөгілген.
Адуын бұлт, аппақ нөсер сел едім.
Толқындармен жағаласқан ел едім.
Нар қамыстай кескілеген бір-бірін,
Кім айырар кіл міскіннің кіндігін.
Шың басында шыңғырады шындығым,
Ішіп алып бейбақ көлдің қыр мұңын.
Мұң ішінде қу тірліктің зəрі бар,
Өргеу жанның енді қанша əлі бар.
Өртеніп тұр батар күннің өзегі,
Дертті жанның өлең тыныс, сөз емі.
Батты күні айдың тəнін түн мүжіп,
Тас көшеде мас болып жүр бір жігіт.
«Қазақстан кімдікі!?..» – деп, жылап тұр,
Мұның өзі тарих енді ұзақ бір.
Көше бойлап кетті дауыс түн жарып,
Түрлі қазақ түп атасы бір халық.
Түрлі қазақ – ноқталы бас, көп жетек,
Көреміз ғой істің соңын өлмесек.
Мас жігіттің қан шекесі жылтылдап,
Бір сұрақты мың қояды қылқылдап.
«Жынды ғой» – деп күлді біреу тырқылдап,
Біреу масты көтеріп жүр «тұр-тұрлап»
Жат жымиып аттап өтті ақырын,
Жылап жатыр, əлгі, менің пақырым.
«Атамекен – арым ғой» – деп егілді,
Алға басты, сосын артқа шегінді.
Тас көшенің таңдай тұсы тақылдап,
Мас жігітке ұрсып жатыр қақылдап.
Бəрі ақылды мас жігіттен басқаның,
Жанында мұң жарық маңдай қасқаның.
Көрінген тас маңдайына дөп тиді,
«Атамекен кімдікі !?» – деп өксиді.
Үндемейтін момын едік сыр ашып,
Бір мас жігіт кетті бізді жылатып.
* * *
Жолаушының періштесі қасында,
Періштеңнен жан сырыңды жасырма.
Дұға қылғын бел-белесте молаға,
Дұғаңызға жалғыз зəру сол ара.
Сауабынан жолға тіле амандық,
Сауаптыға бола қоймас жамандық.
Періштеңнің ақ қанаты нұрлансын,
Əр төбеге бір періште жыр қалсын.
Періште жыр қызғалдақ боп ырғалсын,
Қауызында сыр қалсын.
Төңкеріліп төбе біткен ереді,
Құбылаға құлдан дұға керегі.
Жолың болсын періштелі жандарым,
Сапар алды дұғаңызды арнағын.
Хаққа мəлім жолаушының дұғасы,
Дұға қыл да жолыңа бақ сұрашы!?
Жол мұраты қалауында Алланың,
Қолды жайдым, жалбарындым, зарладым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу