Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  119


Автор: Сабыр Адай

Қырымнан ұшқан қызғыш құс

І
Жаралы қанат көгершін,
Зауалды қалай бөгерсің.
Зар күніне тап келдік,
Жараулы бура не көрсін.
Айтарға тілім тосылды,
Айналып дауыл қосымды.
Қылша мойын Қызғыш құс,
Қырымнан ұшып шошынды.
Қанатын қанға бөктірген,
Қайратын көрдім көптің мен.
Тоқымын жайып тоз күннің,
Бармақты тістеп өттім мен.
ІІ
Ер кеудесін дерт үккен,
Шерімді тарттым шертіп мен.
Əлсіздің күні құрысын
Əудем жер жүрсе ентіккен.
Көрсетті күшті бағасын,
Көңілін қалай табасың!?..
Үркердей ғана Қазақтың,
Сақтар да Құдай баласын.
ІІІ
Ал, не бітті, сөз берді,
Айныды сөзден көз көрді.
Күштінің демі көк дауыл,
Құрсанған қыстай өзгерді.
Төркінін сөздің ойлап жүр,
Төріңде кімдер тойлап жүр.
Тамағында Əлсіздің,
Күштінің тісі ойнап жүр.
Алтынды орда дерегім,
Шалқыған шалқар ел едің.
Бар ма қазақ бұл күнде,
Құдайдан басқа сенерің!?
Білмеген жаман шамасын,
Айырмас ақ пен қарасын.
Қырымнан ұшқан қызғыш құс,
Қиқулап қайда барасың!?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу