Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  105


Автор: Сабыр Адай

Қонақ болдық..

Ер жігіттің мұңайғаны
Қасірет,
Күлегешін көрсетпесін Құдайым!
...Шыдайын!
Жеңіл-желпі
Жалпылдаған
Жарқанат,
Ұшып-қонған ерсі екен сыңайың.
Қайран ерлер,
Қорғасындай ауыр-ды,
Жан сорасы білдірмейтін жауырды.
Еріндері
Қанатындай торғайдың,
Бұдан анау келіншегі тəуір-ді.
Қонақ болдық,
Қойдан жуас отырдық,
Аз төзімді тоқым қып.
Аты-жөнін
Жазып алды құрдасым:
«Алыс жолға алам», дейді, шопыр қып».
* * *
Əр əкенің өзіне сай ұлы бар,
Əрбір ұлттың өзіне сай мұңы бар.
Өзін-өзі менсінбейтін халықтың,
Өзгелерге қаншалықты құны бар.
Əркім болып етегіне жабысқан,
Жəреукені көре қалсаң намыстан.
Өзін сыйлап өзгелермен тең жүріп,
Шын достарға не жетеді табысқан.
Құл байғұстың құлдық қана өнері,
Құл болудың нағыз олар шебері.
Құл біткенге керек емес бостандық,
Бір қожайын жалғыз оған керегі.
* * *
Көз түсті қара сан мен мойындыға,
Қан сусар қанжар қанға тойынды ма!?
Жайраған қызыл ет боп шыға келді,
Көк бұқа сойылды да.
Терісін жинап алып таспа қылмақ,
Жасамақ мүйізінен басқа бір зат.
Бар еді көп сиырдың көз ғашығы,
Жоқ болды қас қағымда-ақ.
Семірді көзге түсіп батпансынып,
Көзіне жер көрінбей, аспансынып.
Бас салды бір семізге қыс келді деп,
Көп арық көк сіңірі жатқан шығып.
Жас бұқа соның бəрін көрген еді,
Көрсетпей семіздігін дөңгеледі.
«Арық», деп енді, міне, түрткілеп жүр,
Шамасы мұны да ажал өңгереді.
* * *
Құласаң нардан құла жаным інім,
Ақыл айтпақ жаманның бəрі бүгін.
Айтылмай сөз қалдыма бабамыздан,
Елді ойлар ер шықтыма арамыздан.
Арманы көп бейбақтың адым жерде,
Қараймын қамыққаннан сағым белге.
Дəурені өткен жанның аққан бұлақ,
Қайнаған қалың елден жатқан жырақ.
Жан інім, нардан құла жығылғанда,
Қайырын Хақтан тіле шыбын жанға.
Кім білген не боларын таң атқасын,
Жүрміз де Құдай өзі жаратқасын.
Бəрі де бір Алланың бермегінен,
Ажалдың кім құтылған ермегінен.
Рухың биік болсын заманыңнан.
Таспа алып тілсе дағы табаныңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу