Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  116


Автор: Сабыр Адай

Балқарағай

Балқарағай жылады бəрін біліп,
Қарай бердім шерленіп, əлім құрып.
Жел-жеңешем жанымды жанарымнан
Сығып алып жөнелді сағым қылып.
Қайың құлап барады, солай ғұмыр.
Аман болсын, аламан, арайлы қыр.
Көп арманның көзінен моншақ теріп,
Мұнар басқан, мұң басқан тарайды іңір.
Қайың құлап, қаралы жыр жылады.
Қаратаудың сарқылды бір бұлағы.
Бесігінен безінген шаранадай,
Менің есіл жүрегім шыңғырады.
* * *
Мылтығым жоқ қарға көрсем оқтарға,
Қарамайды құзғын, сірə, жоқ, барға.
Керуендетіп кеңістіктің бойымен,
Базар шығып бара жатыр көп қарға.
Қарқылдайды ұша беріп саңғытып,
Орманым тұр саңғырықтан зар жұтып.
Сауысқандар саяқ ұшып күледі,
Қарлығашпен, қарындаспен аңдысып.
Құзғындардың топ жазбайды дүрмегі,
Қандай жаман тас төбеңнен күлгені.
Осы менің көріп келе жатқаным,
Қара жерде тəй-тəй басып жүргелі.
* * *
Желісінен құлын кетпей шұрқырап,
Жер төледе қымыз тұрар бұрқырап.
Ботасының көздерінде тұнық түн,
Аруанадан ақ сүт емген жігітпін.
Төрт түлігі жамыраған шаттығым,
Қоңыр қозы секілденген пəк күнім.
Шыңыраудан шырқай созып құлашын,
Ақ бураны атам тіздеп тұратын.
Сыңғыр-сыңғыр шыңыраудың көмейі,
Көңілі бай жоқ даланың кедейі.
Қайда барсаң дəм ұсынып күлімдеп,
Қараша үйге қонақ бол деп жүгірмек.
Неге ішіп сол көңілден қанбадым,
Неге жатып сол ауылда қалмадым.
Боз төбеде бордай болып езілген,
Бауырмал ел айналайын көзіңнен.
Сенің жаның жəннаттан да көркем-ді,
Таныдың ба, өлең-шалық еркеңді?!
Неге кеттім нар қомынан құмдағы,
Өткен күннің өксігі ғой бұл дағы.
Сендік көңіл таза бұлақ, нұрдан-ды,
Еркелейтін енді ауылда кім қалды?!
Қара көрсек жүгіретін күн қайда,
Тап болдық-ау қара суық бір жайға.
Қабағын-ай тыжырынған қаланың,
Дуылдайды ұясындай араның.
Сатып кетіп, атып кетіп жатқаны,
Жек көреді тек өзінен басқаны.
Қалалықпыз, ал жүрегім ауылда,
Бізден сəлем уыз-көңіл бауырға!
Ауыл-көктем көңілінде бақшасы!
Ал қаланың жалғыз досы – ақшасы.
* * *
Өмір өтті жанға салып жара сан,
Өксік қысар өткен күнге қарасам.
Бауырыңа паналаған балапан,
Барсың ба сен, ақ қауырсын ала таң!?
Барсың ба сен, шоқтай ыстық мамығым,
Сенсіз өткен күндерімнің бəрі мұң.
Анау менің көп аунаған белесім,
Қалай айтсам қарғам маған сенесің?
Ақ боз үйдің шұрық тесік түндігін,
Көп аңсау мен келді, міне, мұңдығың.
Шаңырақтан жұлдыз қарап күлетін,
Шам жақпай-ақ əжем қымтап жүретін.
Ай жарығын шырақ қылып іңірге,
Ақ боз үйдің жатушы едім түбінде.
Жаным Əжем, маңдайымнан сүйетін,
Атап айтып ен даланың киесін.
Əжем кетті, Əкем кетті, Анам жоқ,
Панасыз жан саған қылар шарам жоқ.
Бір дің ағаш қалған екен көзкөрген,
Көзден таса қайран ауыл өзгерген.
Таныс ағаш, гүжім талдың етегі,
Көз ілейін көлеңкең де жетеді.
Əлдилерсің бесігім боп, анам боп,
Тек өзіңе еркелеймін амал жоқ.
* * *
Жолаушының жолы болсын, жалғыздың,
Қарайлайсың қай ауылда қалды ізгің?!
Құлып салған жүрегіңнің сандығын,
Маған айтшы, ей жолаушы, жалғызым!?
Көп қарадың əлдекімді іздедің,
Төздің бірақ айтпай кеттің бізге мұң.
Бар, бара ғой, базаршыдан қалмағын,
Жел айдаған жер түбіне қаңбағым.
Қарашығын жасқа бөлеп көзіңнің,
Көңіліңнен бір құпия сезіндім.
Балапандай боз қанатын көп қаққан,
Көзіңе кім арман бөлеп, от жаққан?!
Сиыр тілін сумаңдатып жол жатыр,
Жолға түсті бір жолаушы, ол пақыр.
Кетті елес көзден ғайып жұтылды,
Мен білмедім нені ұтты, ұтылды.
Мұңы қалды туған елдің көгінде,
Жолаушы жоқ, өмір-сапар тегінде.
Жолаушыға жолың болсын деп жүргін,
Не боларын білер дейсің ердің кім!?
* * *
Осы менің жыр тағдырым мұңды аспан,
Мың жұлдыз бен мұнар жастап сырласқан.
Жеті қат жер, жеті бояу көк зеңгір,
Көктен шабыт, алдым аппақ жерден жыр.
Томағасын жаңа алған қырандай,
Шалқар шабыт берген бізге бір Алла-ай.
Көк найзағай іліп алып жөнелер,
Жасын жырды шоқтай бүркіп төге бер.
Базар барса əркім алар құмарын,
Жырдан басқа аларым жоқ шырағым.
Домбырамды дауыл соқсын тастаман,
Өнер-өмір, таппай қойдым басқа мəн.
Құбылады саз тербеген көңілім,
Жырдан қашып құтылады тегі кім!?
Өлсең өлең, тірі күнде тірегің,
Тас болсаңда өлең іздер жүрегің.
Жеті саз бен жан салыпты Тəңірім,
Саз бен емде жүрегіңнің тамырын.
Өлеңді көр, өзіңді көр танып бақ,
Өз-өзіңнен қаша көрме алыстап.
Қайран өлең – жүрегімнің қанысың,
Жүрек айтса – ол ақиқат, бəрі шын.
* * *
Алма ағашы гүлдеп-ақ тұр ертерек,
Көкте күнге, жерде кімге еркелеп.
Сары гүлдер, аппақ гүлер, шықтанды,
Таң көзінен тамаша нұр құт тамды.
Бүлкілдеген жүрек сынды көп гүлдер,
Күн сəулесін құшақ ашып өптіңдер.
Жарық таңның қымбатын-ай тіріге,
Жарық сөнсе жоқ гүлдердің бірі де.
Сымбатын-ай, қымбатын-ай, құндысын,
Жарық сүйген менде сенің бір құсың.
Гүл төгілді жел базарлап бақшаны,
Алай-дүлей кетті бұлт боп аспаны.
Алма ағашы басын ұстап қайғырды,
Үзілген гүл жауып жатты айдынды.
Бəрі зая, сонау күнгі шаттықтың,
Жанарынан жарықты алды тас қып түн.
Гүлді кешіп, түн етегін түрінді,
Алма ағашы дір-дір етіп бүгілді.
Қобыз сарын тартылмаған күй еді,
Қарағайға қайың басын сүйеді.
Аяғаннан алма ағашын аймалап,
Қара түннен жылап тұрды ай қарап.
* * *
Гүлзар халық,
Ділмар халық,
Дана туған, көсем туған, ақыл-ман,
Сөз қалыпты тақ-тұқ пенен тақылдан.
Нұр іздейміз
Қабағынан өзгенің,
Кір іздейміз туыс пенен жақыннан.
Біздің шалдар,
Біздің дастан, біздің жыр,
Əр біреуі қол жетпейтін шың, құз бір.
Қаңсығына
Таңсық болып басқаның,
Ұл-қыз жүр.
Білім ізде
Дүниені арала,
Жан бабаңды жаттан төмен санама.
Сен өзгеден
Жоғыңды іздеп тауып ал,
Ал барыңа жат көзімен қарама!
* * *
Жан қалқаның жаны қалмай күлімдеп,
Жанған күндей жанарымен үңілмек.
Сол бір жүрек діріл қаққан лүпіл-ді
Бөле жарып кеткен кімдер бүтінді.
Енді есен бол қарашығы жанардың,
Таға алмаспын тіршілікте саған мін.
Көше бойлап жарық шамдар қарады,
Екі тағдыр түнге сіңіп барады.
Анау жатқан шағын қала бұйығы,
Мынау шатқал жаңбыр жеген иығы.
Көздерінде көк аспанның отты мұң,
Сен тоңдың ба, Мен де жылу жоқ күнім?!
Өз отыңа өзің жылын өшпегін,
Жанып біткен жүрегімді кеш менің!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу