Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  91


Автор: Сабыр Адай

Шағадам мен Жаңғақты

Батыры берен байрақты,
Ерлігі оның айғақ-ты.
Ерлері мінген арғымақ,
Аққу да мойын, сайғақ-ты.
Шағадам бойы-шар төбе,
Шаршыдан қалған нар төбе.
Шалдардың несін айтайын,
Бізден де қалған бар төбе.
Саратан, Сары тамыздан,
Сам жамырап іңірде,
Көзінің жасын ағызған,
Самсаған сардар зар төбе.
Солай да-солай бар төбе,
Атасы намыс – ар төбе.
Шағадам менен Жаңғақты,
Жан ішінде əн жатты,
Енді есен бол қос мұңдық,
Өзекті кесіп қан қатты.
Ұлыған көздің қарасын,
Шудалы құйын шаң қапты.
Екі де көзде –
Бір бұлау,
Қалдырдық қанша Əруақты!
Қоштасу да – бір ерлік,
Қош, аман бол, ал жақсы!
1 Шағадам, Жаңғақты – қазақтар ауызекі атап кеткен, туысқан Түрікмен еліндегі жер атаулары. Кеңес үкіметі салған бұлағай мен қуғын-сүргін
жылдары ол жерлерге біздің қандас бауырларымыз босып барып, ұзақ уақыт паналап, аман-есен елге оралды.
Аруана тектес бір бота,
Таң ата тағы сарнапты.
Жаңғақты да жайланған,
Шағадамды айналған,
Кер Бурадай керілген,
Езді көрсе жерінген,
Егеулі найза шал жатты.
Тəтті сөйлеп сұм ажал,
Оны да сосын жалмапты.
Кеткендерден қалмапты.
Қоштасу да – бір ерлік,
Ол да кетті, ал жақсы!
Дұға қылды көз көрген,
Қайран Шағадам мен Жаңғақты.
* * *
Жыр шашуым оқырманға бір-бір дəм,
Апта өтті, ай садақа, жыл құрбан.
Шыңғырамыз шындық деген шың-құздан,
Зындан жасап, зар ішеміз шын жырдан.
Көп дұшпаным
Көлеңкемді баптап жүр,
Кеше ғана кекшиісіп қыр қылған.
Жауларыңнан дос жасауға ғұмыр аз,
Ал досыңнан дұшпан шығар жып-жылдам.
Дегенменен бастырмадық көңілді,
Сүрдік солай өрттен ыстық өмірді.
Жақсы келсе босағадан сөз тыңдап,
Жаман келсе бергенім жоқ төрімді.
Оңнан шаттық, келер қанша солдан мұң,
Жасаған мен жарқырамас қолдан күн.
Көрмей-білмей
Жау санама ешкімді,
Шын тілекшің өзі шығар сол жанның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу