Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  124


Автор: Сабыр Адай

Жыл емес, біз ғой өзгерген

Көбелек отпен ойнап жүр,
Айналып отты тойлап жүр.
Жанынан безген байғұсым
Тек жүрмей нені ойлап жүр?..
Сəулесі күннің жетпеді,
Сəл тұрып отқа беттеді.
Жалынның қызыл тіліне
Жұтылып міне кеткені.
Заялап гүлзар ғұмырды,
Көз жұмып отқа бұрылды.
Құмардың шөлін баспақ боп
Құрсаулы шоққа ұрынды.
Қанаты күйді қасқаның,
Қайғырды оған басқа кім?!..
Тірілей түсіп тозаққа
Тастады жер мен аспанын.
Бақшасы қалды бал шырын,
Айналды күлге тамшы мұң.
Ақырғы осы ісімен
Ақымақ айтты бар шынын.
Мұңайып гүлдер талықты,
Мұңданған мұны жан ұқты.
Көбелек тағдыр би-төре,
Билеп жүр қанша халықты.
Бал-шырын жалап татқандар,
Бəсеке байлық, мақтандар!
Бергенін білмей Құдайдың
Көргенге көзін сатқандар.
Бірін де бірі қайталап,
Бір тістеп уды байқамақ.
Жылжыған жылда жазық жоқ,
Көбелек – көңіл сайқал-ақ!
Құбылған ындын қанатын,
Жанған бір отқа салатын.
Көбелек – көңіл жетелеп
Күл болып заман барасың.
Тəңірден тəлім алмадық,
Тəңірсіп бəрін жалмадық.
Қоғамың от пен ойнап жүр
Санамыз тозды сандалып.
Шыршалы қаңтар келіпті,
Шырғалдап төрге еніпті.
Жылымның басы – Əз Наурыз,
Жылытып бойды ерітті.
Наурызын күткен көктембіз,
Наз айтпас жанбыз тектен біз.
Жыл емес біз ғой өзгерген
Көбелек болып кеткенбіз.
Өртеніп жатқан мың жігіт,
Дерт еміп жатқан шыңғырып.
Арасын ақ пен қараның
Айтады бізге кім біліп?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу