Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  230


Автор: Сабыр Адай

Абылдың күйі - Абыл

Абылдың күйі – «Абыл-ды»,
Жасын боп түскен жалын-ды.
Жеті қат жер мен көк балқып,
Ай менен күн де жаңылды.
Қорғасын бұлттар тамшылап,
Жанарын сүртті таң шылап.
1 Абыл – күйші Абыл Тарақұлы (1820-1892) Маңғыстау халқының перзенті.
Қаратау жылап солқылдап,
Қара жел соқты қамшылап.
Түбектің бойы жез құм-ды,
Түрленген сазға кез қылды.
Селеу де сақал боз адыр
Күрсініп мұңын сездірді.
Көзгелдек сорға қақ тұнды,
Жақын да түгіл жат тұрды.
Жеті сазбенен тербетті
Антына берік ақ құлды.
Үптеген заман зауалы,
Күтпеген тұстан жаралы.
Жұпары таныс жусан күй
Аңқамды атып барады.
Кеміріп құлақ етімді
Жүрекке барып бекінді.
Ине де қармақ қылтанға
Қадалып қалған секілді.
Басқұрда болып өрілді,
Бас болып жерге көмілді.
Жағада қалған шабақтай
Жаным бір көзге көрінді.
Ай құшақ болып керілді,
Аяғын баспай ерінді.
Сағалық перне шыңғырды,
Саф-саф та көңіл не білді?..
«Абыл» боп аспан күркіреп,
Басып бір қалды бір түнек.
Құйрық та жалын түйінген
Тұлпарлар өтті дүркіреп.
Күдерлі күнім жалданды,
Шідерлі айым алданды.
Айғырсып асау дүние,
Артында мұнар шаң қалды.
Бозбала қарап ай бақса,
Боз інген ерді тайлаққа.
Абылдың күйі – «Абылым»,
Барасың алып қай жаққа!?..
Қабыртқа тұсы сойылған,
Қабағы жарық ойылған.
Құлама құз бен сеңгір тау,
Жабығып жаннан тойынған.
Қыналап көзін сырлайды,
Бозторғай қонып жырлайды.
Түлкі мен қарсақ сарыған
Боз төбе нені ымдайды.
Құрым да киіз тақырдан,
Құрманы көрдім «аһ» ұрған,
Тілегі қабыл Алладан
Бекеттей Пірін шақырған.
Боданда қылды түрікмен,
Нелер күн өтпес жігіттен.
Абылдың қолын күй шешті,
Ағайын солай біріккен.
Найзасы дайын ырғасса,
Түрікмен жайлы сыр басқа.
Сегізде мынау Сейілхан,
Күй десе жөні бір басқа.
Кеудесі – ханның сарайы,
Кербез де сұлу маңайы.
Шідерлі шалыс, кең тұсау,
Күйшінің тағдыр, талайы.
Қияға Абыл өрлесін,
Қиянат жаннан көрмесін.
Ғайыптан келген құс қой бұл,
Ғапыл боп дерттен өлмесін.
Ішінде күйдің мың қайғы,
Сыбызғы көмей сырнайлы.
Тамырын тістеп үзгілеп,
Жүректің басын тырнайды.
Жəне де көрдім керуенді,
Жайыла көшкен ерлерді.
Беренді сайман бес қару
Сертінен танбай серменді.
Қауырсын жебе тескен-ді,
Қан шашып кездік кескен-ді.
Шиті де мылтық білтелі
От құсып жауға сестенді.
Бірі де жаудың сəлделі,
Ала да шапан кермелі,
Хиуа да менен Ақ Патша
Жан алу болды ермегі.
Бармайды тілің құрғырға,
Көргенім жаудан бір бұл ма?..
Баланың басы жартыдан,
Үлкеннің басы бір ділда.
Атқа да байлап бас теріп,
Басыма жатты бəс беріп.
Жағадан жауым алғанда,
Иттерде жатты қас көріп.
Аққан да жастың кермегін,
Шерленген кеуде шеңберім.
Бек сауыт шейіт ақ сайғақ,
Есіл де менің ерлерім.
Ашайын күйдің қақпағын,
Домбырам сөйле тақтағым.
Егіліп шанақ жылайды,
Ерлердің айтып аттарын.
Санасыз болса қалған жас,
Ерлердің ісі жалғанбас.
Елінің көрген қорлығын
Білмеген ұрпақ арланбас.
Думаншыл сайран тірілер,
Нарқың бір қанша білінер.
Ерліктен аға шегінсе,
Елдіктен қашар інілер.
Сейілер қашан бұл тұман,
Құл шығар құрсау құлпынан.
Ұяттан билік үріксе,
Ұрпақта қашар ұлтынан.
Шайтан да шайнап жұтқызған,
Ас бола қоймас құтсыз дəм.
Қазаққа дұшпан жау туар,
Жең түрген жебір ұлтсыздан.
Тасбауыр əлем асқынған,
Қайырсыз қарау қас қылған.
Бауыры суық тұмсадай,
Ботасын шайнап жатсынған.
Сарқылған білем санасы,
Бітпеді ақыр таласы.
Өзіне-өзі қол салмақ,
Адам да заттың баласы.
Маңғыстау жердің күреңі,
Сарғайған екен түр-өңі.
Өткенді өксіп айтып тұр,
Бəріне куə бір өзі.
Төгілген күйді мен десін,
Білемін екі келмесін.
Жанымның нəзік саусағы,
Даланың басты пернесін.
Айнала сұқты көз еді,
Қан жоса кебін бөз еді.
Манашы, Күйкен-Ноғайлы1
Өз алдына-ай сөз еді.
Күледі əне шұнақ таң,
Құлағын күйдің бұратқан.
Уəдесіз би мен сұлтандар,
Күйкенді таудан құлатқан.
Күйіктен байғұс сорлады,
Өлім бір болды қорғаны.
Басынан шіріп ел азса,
Бақытсыз халық болғаны.
Қырмызы қытай үрім деп,
Тірлікте пенде жүгірмек.
Қанағат қылмай азына,
Халықтан ұрлап қазына,
Қақалған иттей инеге,
Би-мансап өлер күбірлеп.
1 Күйкен, Манашы – Ноғайлы жырлары, аңыздар, тарихи тұлғалар өрісі мен желісі.
Маңғыстау деген мұра бар,
Сарқылмас қайнар бұла бар.
Үш жүз де алпыс əулие
Ылымның кілтін сұрап ал.
Хақтан да бұйрық мекен-ді,
Қол жайып көкке кет енді.
Имансыз болсаң, көңіл тар,
Көз алдар дұғаң бекер-ді.
Абылдың күйі – «Абыл-ды»,
Тербетті білем жаныңды.
Киелі перне қос ішек,
Боздап бір кімді сағынды?..
Сағынған көңіл сарсаң-ды,
Сүйерсің кімге арқаңды?
Азамат ерге күнде сын –
Елдің де жүгін тартар-ды.
Тарыққан ерлер мұңдасын,
Шердің де шайқап тұнбасын.
Күйге де жерік көңілмен
Көтерсін көкке ұл басын.
Сазсыз да жырсыз үй жетім,
Жүрегің жылар сүйгесін.
Естір де құлақ бомаса,
Жұмақтан келген күй жетім.
Бұрқырап көшкен шағыл бар,
Шағылды кешкен шағым бар.
Маңғыстау деген – ақ боз үй,
Ақ боз да үйде Абыл бар.
Самаурын сары бұрқылдап,
Бəйбіше күйді жүр тыңдап.
Маздаған шоқтан бір жалын
Езуін жалар жылтылдап.
Алшыдан түсіп көк асық,
Басынан дəурен көп асып.
Садақты алып бір тентек
Мойынға жатыр оқ асып.
Ойнаған ұлды жаным деп,
Базарым, менің, бағым деп.
Үйелмен елді сүйіп жүр,
Үй бас та сайын Абыл кеп.
Кербездер отыр сүйініп,
Келіндер жатыр иіліп.
Сəулелі шуақ секілді
Күй жатыр, шіркін, құйылып.
Əлдилі күйден жөргегім,
Қаталап, қақсып шөлдедім.
Əдіптеп əсем зерлеген,
Бағзыдан қалған өрнегім.
Əулие қолдап жетер-ді,
Əлдиім тəтті шекер-ді.
«Батыр да аңқау, ер көдек»,
Əзəзіл ісі мекер-ді.
Күй зарық көңіл тулайды,
Тіс жарып мойын бұрмайды.
Айнасы жанның шықтанса,
Ернімен күйдің ұрлайды.
Қара да шанақ жан дала,
Тиегі күміс, паң дала.
Үстіңгі ішек – боз бота,
Астыңғы ішек – Аруана.
Желіні сыздап исінді,
Аққа да кие күй сіңді.
Осы бір сазда сиқыр бар,
Аллаға аян сүйкімді.
Ақбөкен сынды маңырап,
Ақ киік сынды жамырап,
Жүрекке жүрек үн қатпақ,
Періште күйдің табы қап.
Қызғалдақ дір-дір қағады,
Қызарып күннің тамағы.
Шанаққа сыйып шаршы көк,
Астасып əлем барады.
Жабығып сырын тау жайды,
Жанығып жасын лаулайды.
Танаудан шаңы бұрқырып,
Көсіліп нарлар аунайды.
Құлжасы құзда күзетте,
Айдаһар жатыр үдекте.
Мергендер іздеп атқанмен,
Құланның көзі Түбекте.
Періште қанат керіп жүр,
Пернеден лəззат теріп жүр.
Көгендеулі көп төбе,
Маңыстап күйге еріп жүр.
Аяғын алшаң кең салған,
Айшықтап айқын ен салған.
Атамыз Əнес Сахаба1
Дəл осы күйге дем салған.
Сахара байтақ тылсым-ды,
Жасырып жатыр бір сырды.
1 Əнес сахаба – Шежіре бастауы.
Жең ішінде қол сынып,
Жетім бір тарих шырпынды.
Тізілген жұлдыз андыздап,
Тілейді күйден жалғыз бақ.
Күте де күте бақытын,
Ағып бір түсті жалғыздап.
Біздің де тарих ығынған,
Ықтасын іздеп тығылған.
Кім білген, мүмкін, батыстан
Алтайға барып жығылған.
Жел-жеңгем айтты естідім,
Кері бір тартсам, кеш, күнім.
Атам да Заман1 басында,
Ізі де жатыр ескінің.
Шаң басқан мынау шартарап,
Əркімде күйбең бар талап.
Баянын шындық таппаса,
Базары елдің тарқамақ.
Күйбең де күйбең күпірлік,
Жартылар жалтаң, бүтін нық.
Шындықтың кілтін жоғалтып,
Уақыттан қанша ұтылдық.
Отпанды2 бойлап от қалды,
Манаты3 бойлап шоқ қалды.
«Тентіреп жүрген кімсің» дер,
Тентегі сүйреп шоқпарды.
1 Атам-Заман – Тəжікстанда Атам-Заман атты əулие бар көрінеді. Дəл
осы атаулар біздің халықтың сөз тіркесінде де бар. Мыс: «Атам-заманнан
келе жатқан халықпыз» деген секілді, т.с.с.
2 Отпан – Маңғыстаудағы киелі жерлер, тасқа мөрленген тарихтың
парақтары.
3 Маната – Маңғыстаудағы киелі жерлер, тасқа мөрленген тарихтың
парақтары.
Данасы қанша халық бұл,
Нұр шашып, əне, жанып тұр.
Босаға бойлап төрге озсаң,
Əдептің туын алып кір.
Айқаса кетсең, алып-ты,
Достаса кетсең, халық-ты.
Тас ішінде-ай жүрек бар,
Жаныма сыры қанық-ты.
Ала да құйын шаңдақпын,
Пернеге бассаң, бармақпын.
Кермеге салсаң, дүлдүлмін,
Тал бойым талау қан жапқын.
Жұлдызын қара шырақтай,
Ұл-қызын қара құрақтай.
Қиялы ұшқыр ...қияным,
Пайғамбар мінген пырақтай.
Астыңғы ішек мақтанды,
Үстіңгі ішек даттанды.
Абылдың күйі – «Абылым»,
Бір жылап, бірде шаттанды.
Сарайшық1 болып шағылған,
Сап түзеп көшкен нарыннан.
Абыздар өріп барады
Абылдың күйі – «Абылдан».
Мың қыстау – менің тұрағым,
Маңғыстау – майлы бұлағым.
Құдыққа түскен құланның
Күйменен толтыр құлағын.
Құланда тұрар қасқиып,
Тұяғы турап тас қиып.
1 Сарайшық – ескі Сарайшық қаласы.
Аллаға қылар мінəжат,
Екі де көзден жас сиіп.
Көңілден көшіп мұнар жүр,
Абылдың күйін сұрап жүр.
Жанардан жас пен қан сауған –
Жансебіл тарих, құлан жыр.
Əркім-ақ төсін керіп жүр,
Ез неме соған еріп жүр.
Кесіртке құйрық кез табан
Əр жерден қылаң беріп жүр.
Сырлы аяқты кемірсең,
Сымпылдап сөзге семірсең,
Атажұрт саған не дейін,
Естігің келмей елірсең.
Керенау бойлы кегілжім,
Кеңесті жерден шегіндің.
Бал ішіп бармақ жалатқан
Ит пенен құсқа желіндің.
Айыртпай дос пен қасыңды,
Сүрткізбей көзден жасыңды.
Көлденең суыт көк атты,
Даң қылар даумен басыңды.
Күштінің басы өрде жүр,
Əлсіздің басы көрде жүр.
Жамылып «жаһан достығын»,
Қаншама шайтан төрде жүр.
Əлем ғой қарсақ, түлкілі,
Бақ пенен сордың бір тілі.
Достыққа қойды шақырған
Қорқаудың ісі күлкілі.
Айласыз аппақ шын бар ма?...
(Қылышсыз, сірə, қын бар ма?!)
Əлсіздің күні құрысын,
«Ит алған қуда сын бар ма!?»
Терісін іреп шыдамның,
Алдыңнан орап шығар жын.
Қанатын саған қидырар
Өзіңнен туған қыранның.
Адасып өзің тұрарсың,
Қамасып көзің құларсың.
Бəрінде сосын кеш біліп,
Басыңды тасқа ұрарсың.
Орама шиді сығалап,
Төріме шықты туа жат.
«Кім үшін ерлер өлді» дер,
Үш ауыз бенен Ұланақ1.
Əділдік өлмес Хақ барда,
Алласыз, сірə, бақ бар ма?!
Шүкірлік қылған ел едік,
Құдайдың өзі сақтар да.
Күбінбе, көңіл, күбінбе,
Ел барда ерен түңілме.
Құдай бір берген бақ болса,
Құлына келер түбінде.
Маңғыстау мынау қызық тым,
Түтілген жамау үзіктім.
Шанақтан күй боп шашылдың,
Қасындай ғана жүзіктің.
1 Үш ауыз, Ұланақ – Маңғыстаудағы киелі жерлер, тасқа мөрленген тарихтың парақтары.
Қызыр да көрдім оңынан,
Қырмызы көрдім солынан.
Шашылған мөлдір моншағым,
Сұлудың сусып қолынан.
Самның да сəні сағым-ды,
Салдырмай қамшы қағынды.
Арқалап қашып барады,
Абылдың күйі – «Абылды».
Күй менен сағым астасты,
Күйінген дұшпан тас қапты.
Өрт шалған кəрі сексеуіл
Тағы да бүрлей бастапты.
Баянын берсін бүрінің,
Ашпайды жағын ұлы құм.
Шың басында бір шындық,
Шыңырау толы тұнығым.
Қоғалы қолат əндетті,
Əндеме қырда сəн көп-ті.
Күйменен жаңа оянған
Аймалап жатыр таң көкті.
Саусағы таңның дірілдеп,
Шанаққа күйшіл үңілмек.
Жеті саз бенен жан енген
Күйсізде менің күнім жоқ.
Қойынға кірген жылан көп,
Жыланды жерде лаң көп.
Періштем жатыр сыбырлап,
Айтылмай жүрген бір əн деп.
Ғасырлар үзді қарасын,
Жасырып жанның жарасын.
Текемет басып, сырмақ сап,
Жалғап жүр əжем арасын.
Қонақжай елдің жылысын,
Ысырып тастар мың ісін.
Келседе жылан ақ құйған,
Қыдырлы қазан ырысым.
Халалға салған қармағын
Қара бет дұшпан жан-жағым.
Аққулар жүзген көл сынды,
Ақ шағыл қылаң нарларым.
Абылдың күйі – «Абыл» ма,
Бал бармағым, жаңылма,
Он екі перне, қос ішек –
Басыңда дəурен барында!..
Көлбеген елдің күйісің,
Көлденең жатқан сыйысың.
Алпыс та екі тамырым
Зəмзəм да саздан ұйысын.
Иманнан асыл мəн көріп,
Нұрлы да дидар, жан көрік.
Уыздан жарып өскен ел
Салтанат пенен сəн көріп.
Қайқы мен сəйкі сері көп,
Сақи мен мырза ері көп.
Тобылғы торы теңбіл көк,
Келелі мая кер үлек.
Жұлынған жүрек шоқ байлап,
Жұлынға кірген оқ бойлап.
Жаралы ерді күзеткен
Белдеуде тұрған көкмойнақ.
Атажұрт қамы, ар қамы,
Ерлерге Тəңір жар-дағы.
Бұрынғыдан сөз қозғар,
Бұлт болып көшкен сардары.
Желкені жібек қайықтай,
Толқыны торғын Жайықтай.
Ай менен күнін қарашы,
Ақбөбек пенен Қайыптай1.
Сəулелі жарық тарап тұр,
Жарасын ердің жалап тұр.
Ақшора менен Белтұран2,
Асалы менен Көкетай3,
Үркерде болып қарап тұр.
Күй шанақ дəурен шертер сыр,
Үзілмес үміт ертеңшіл.
Ынтыққан көңіл көп арман,
Жетпеген қиял желкеншіл.
Қайран да өмір тамшыдай,
Өзектің өртшіл зарпын-ай.
Күмістен сірке сабы бар,
Жыланша бауыр қамшыдай.
Жебелі таңба ұраны
Желменен боздап тұрады.
Абылдың күйі – шыңырау,
Шындықтың кəусар бұлағы.
Саланың бойы көкжал-ды,
Бөлтірік өсті көз қалды.
Қасқырды бақсаң, ит болмас,
Шалдардан солай сөз қалды.
1 Ақбөбек-Қайып,
2 Ақшора-Белтұран,
3 Асалы-Көкетай – қосыла алмай, арманда кеткен ғашықтар.
Атасы жорық даңғыл-ды,
Көргенді көкжал таң қылды.
Азуға салып кектеніп,
Қара бір тасты қан қылды.
Атасы тексіз толдым дер,
Қаптаған қалың қолмын дер.
Шұбалшаң құртқа шүрегей
Шүйлігіп, қыран болдым дер.
Өзін де өзі алдайды,
Тапқанын талмап жалмайды.
Құрттан да құрбан шалғанмен,
Шүрегей аты қалмайды.
«Ерлердің шейіт аты бар,
Ертеңге жазған хаты бар».
Бабамның жауы дос болмас,
Көңілде кірбің таты бар.
Маңғыстау болмақ қайда дүр:
«Қаздың да салып жүрісін
Қарғаның шаты шатынар»
Өлісі жанға ес еді,
Тірісі жел боп еседі.
Қарасын үзген жүйріктің
Қарашы соры бес елі.
Сазы да сары жезден-ді,
Заманға зауал кез келді.
Құлан да өріс тарпаңды
Құлатып орға езген-ді.
Күйге де толы заман бар,
Заманға қандай амал бар.
Жусаннан елім аласа,
Бетеге бойлы шамам бар.
Соғысқа салды майырды,
Сорлатып белін қайырды.
Əуелі Қызыл үкімет
Қазанын төртке айырды.
Бəлшебик1 бəлсіп бəлденді,
Қызыл ту менен сəнденді.
Таңдайыма да
у қатып –
Діліме дінсіз нəр берді.
Бұзылған байтақ сел көрдім,
Буынған бұлтты тел көрдім.
Кебіндік бөзге таласып,
Жалаңаш көшкен ел көрдім.
Тап болдық қарғыс қаһарға,
Көр қымбат тыныш жатарға.
Үзікті ашар жан қалмай,
Тəңірдің таңы атарда.
Көргенбіз солай қанды көп,
Есінен елім танды көп.
Адайға біткен бір қатын
Ұл туса атты «Банды» деп.
Сықырлап қара шанағы,
Құрғады күйдің тамағы.
Қызыл да шақа бір дəуір
Шыңғырып кетіп барады.
Желкендеп желге кемесін,
Ертеңнің қуды елесін.
Сенгенбіз «антшыл» мінберге,
Бостандық алдық дегесін.
Тəуелсіз болмақ елден-ді,
Заң бар деп əділ желденді.
1 Бəлшебик – большевик.
Құрсаудан шыққан ұрпақтың
Жиырмаға жасы келген-ді.
Көрдім бе деп ем көктемді,
Арыным асау өктем-ді.
Өкпелік тұстан қанжар сап,
Қапыда қанды төккен-ді.
Мұз құрсап бойды қар алды,
Запыран құсып, зар алды.
Жаңаөзен1 – жаным оқ құшқан,
Қозғама менің жарамды.
Сырт жаудан тұяқ кетілді,
Сырқырап жүріп жетілді.
Оқ атқан маған «көп туыс»,
Ол қалай көрмек бетімді?..
Бүйірде мұздап жатқан оқ,
Бірлігін елдің сатқан оқ.
Маңғыстауға-ай кезеніп,
Пір Бекетке-ай атқан оқ.
Кім атты, содан надан жоқ!
Қайырсыз бұдан қадам жоқ.
Бекетке қарай оқ атып,
Опа бір тапқан адам жоқ.
Есті жан елін жасытпас,
Менменсіп көңіл тасытпас.
Харамға қарғыс айтуға
Əулие-Пірлер асықпас.
Жастардың көрдік қазасын,
Жазықсыз шектік азасын.
Құдайдың өзі тартқызар,
Қанды да қолдың жазасын!..
1 Жаңаөзен – Маңғыстаудағы қала.
Мұндай боп жебе қадалмас,
Ақтанда күйді адал жас.
«Қалғанда көңіл, шыққан жан»,
Сынғанда шөлмек жамалмас.
Бұл да бір бүкпе мың дерек,
Халық бір айтса шын демек.
Жарасын елдің жазарға
Сүттен де аппақ сын керек.
Бақиға кетті бақсыз жас,
Іздесең қайта таптырмас.
Киіктің өзі өлгенмен,
Киесі сені жатқызбас.
Шерліге шемен қатады,
Қазақ ек бауыр, баталы.
Аранға қарай ақ киік
Ағып бір бара жатады.
Артылып терек, талға мін,
Тістеулі қалды бармағым.
Аранға айдап жыққан кім
Бұл елдің аңғал балдарын?..
Құдайыменен сақтаған,
Мұнайыменен баптаған,
Тыныштық тілеп қазаққа
Қол созып көкке қақсаған,
Елімді кімдер тірілей
Шыңғыртып отқа тастаған?..
Қарадан ақты айырған,
Ел едік өсіп жайылған.
Тыныштық тілеп Құдайдан –
Дұғасын шексіз қайырған.
Алланың аппақ
Нұрына –
Жүрегін жуып шайынған.
Аллалап күні батарда,
Ақ бата қылған атарда.
Мазасыз болса Маңғыстау,
Үш жүз де алпыс əулие
Төріне келіп жатар ма?..
Төзімді төсеп тырыстық,
Кетпесін дедік ырыс-құт.
Қай жерде заң мен іс əділ, –
Сол жерде болар – Тыныштық!
Əкімдер қорқып зірледі,
«Ақсақал» жасты тілдеді.
«Елім» деп жүрген көп бұлбұл» –
Есігін əрең ілгеді.
Серкелер сертсіз сенделіп,
Қайтерін əркім білмеді.
Үйездеп үркіп ықтады,
Қара бас қамын мықтады.
Билікті тастап, бір жігіт
Əділдік іздеп шықпады.
Шыққан да шығар, білдік пе!?..
(Күмəнға қояр кім нүкте?)
Азамат ерлер көп болсын
Ел үшін жүрген тірлікте.
Аяқтан шалып көр ілді,
Арлан да менен бөрімді.
Бұқара халық ішінен
Бұрқанған ерлер көрінді.
Саралай білер сана бар,
Ер менен батыр, дана бар.
Алтын да құрсақ көп екен,
Аршыл да келін, аналар.
Бұл да бір сынақ əрəйна.
Ұмытпа, ұлым, жарай ма?..
Алаштың асыл ұл-қызы
Үндес те болды Адайға.
Шындыққа қалам жаныды,
Маңғыстау болды зарығы.
Нұрлансын,
Алғыс Алладан,
Тілектес елдің əр ұлы.
Ақ жүзін бізге бұрғаны,
Ақ сөйлеп төрден тұрғаны,
Есімің естен кетер ме,
Қазақтың қайсар ұлдары?..
Саздың да қара сарынын,
Сарнаған саздың бəрі мұң.
Қорқыт боп кетті бір сəтке
Абылдың күйі – «Абылым».
Сөндіру қиын Хақ барда
Нұр текті елдің жарығын.
Үзіліп қайыс шығыршық,
Үздігіп бота ыңырсып,
Шанаққа келіп үңілді,
Көзінің жасы жылымсып.
Боздашы, бозда боз күнім,
Ішегін күйдің соз бүгін.
Көсіп те көсіп қағайын,
Шаң басқан жанның тозғынын.
Пернеде сайын
Періште –
Бұл күйден, сірə, озды кім!?
Намысшыл, аршыл, шамшыл-ды,
Ақтарды «Абыл» бар шынды.
Ботаның боздау кірпігі
Найзадай көкке шаншылды.
Желіде құлын желпінді,
Желігіп барып жел тынды.
Араша, ойбай, араша,
Күй алып кетпек еркімді.
Абылдың күйі шербет-ті,
Шерленіп түбек ер жетті.
Мамық та төсек салдырып,
Жетімді «Абыл» тербетті.
Жүректің басын шымшыды,
Көзімнің жасы ыршыды.
Қоштасқан ел мен қыз сынды
Қос бұрым ішек сыңсыды.
Қадалып, əне, қарап тұр
Қараша үйдің жыртығы.
Кеңдігі күйдің аспандай,
Тарлығы таумен басқандай.
Түсінген жанға бұл күйді
Тыңдау да қиын жасқанбай.
Мүмкін бе босап жыламау,
Жылжыған ғасыр, жыл анау.
Осының бəрін күй «Абыл»,
Қайдан да білген, шырақ-ау.
Жүректі жанға сын шығар
Естен де танып құламау.
Мекенім еді сағынған.
Моншақтап маржан тағынған.
Күй менен жырдан желіні
Үрпісін тартсаң, ағылған.
Арыстан тектес жалды еді,
Жолбарыс тектес жонды еді,
Қайтейін сені, жан бабам,
Айға да шапшып шабынған.
Жақ ішінде қызыл тіл
Айтпасты айтып қағынған.
Тектінің тегі нұрдан-ды,
Атанбас текті құрдан-ды.
Асылы ұлдың – атадан
Атаға мерей ұлдан-ды.
Қомында берген атанның
Бағы да жансын батаңның.
Атамнан қалған жұртым бар,
Бұйырған бақтан татармын.
Бұрқанып шөкті атаны,
Бозбала қайсар баталы.
«Алаш та түгіл арабқа»
Атамның жетті атағы.
Қаптың да суын қапсырып,
Қарагөз ұлға тапсырып,
Маңғыстауды тастапты-ай,
Əулие Пірді бас қылып.
Ұлдан да қайыр кекілді,
Қыздан да зайыр жетілді.
Мама ағашқа тізіліп,
Қарлығаш қонған секілді.
Періште тербеп бесігін,
Перизат қойды есімін.
Жылатпас дейді жамағат,
Жесір де менен жетімін.
Күй жетім болса, ел жетім,
Қатар да құрбы, теңге сын.
Құдайға қандай өкпең бар,
Жұмақтың сазын бергесін?!
Сарнаған шанақ ыңғай түн,
Асырып таңды жырлайтын,
Нұрғиса керек бұл күйге
Нұрланып жүзі тыңдайтын.
* * *
Қап-қара байпақ
Аппақ қар,
Ізіңді үнсіз тастап қал.
Кез келді бұғып бас сақтар.
Қазақы ойды тастап бар.
Жаңа жыл келді жаңадан,
Даңғыры кетпес санадан.
Аспан да түтін,
Жер түтін,
Таң ата бəрі тараған.
Той көптік етпес
Дегенмен,
Ерсілеу көріп қарағам.
Қайтеді мынау
Атылып,
Өзінен-өзі жанама.
Шыңғырған топқа қарама.
Біреудің күні –
Бізге той,
Осының өзі жаңа ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу