Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  95


Автор: Сабыр Адай

Қырық қақпа

Базары біздің жанның хан-салтанат,
Əлəйім күй қоңырау, əн салтанат.
Осылай күн еңкейіп батты міне,
Атады ертең тағы таң шалқалап.
Бесігін құмар əннің тербетермін,
Мысалы мыңнан жүйрік ерге теңмін.
Керегі өлең болса кербез елдің,
Керіліп кең аспандай селдетермін.
Қайқының əні мақпал-ды,
Қайырлы таң боп атқан-ды.
Сұлу да төбе, сымбат қыр,
Ай құшақ керіп жатқанды.
Жүректің шара көзіне
Жүзінен көктің бақ тамды.
Сыр айттық сырғалыға салқам күліп,
Күйдірдік көрген жанды аң-таң қылып.
Арудың таңдап сүйдік асылынан,
Оңаша орда тігіп, əн салдырып.
Құпия қыздың сыры қырық қақпа,
Ынтыққан көңіл керек сыр ұқпаққа.
Балқыған біздің жүрек өрттен ыстық,
Жаралған жан телімді жылытпаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу