Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  102


Автор: Сабыр Адай

Жүрекпен санасыңдар

Аққумын шалғайдағы,
Шақырған əн майданы.
Əн деген – əлди өмір,
Əжемнің балқаймағы.
Жан-кəусар
Сазым менің,
Рас па сарғайғаны!?
Келеді
Керім күндер,
Кестелі сезім гүлдер,
Гүлімді мақтан қылдым,
Үкілеп аттандырдым,
Үнімді шалғайдағы.
Қауырсын қанатым бар,
Сыншысың,
Сыралғысың,
Сəуегей данасыңдар.
Сен мені
Естисің бе?
Сендейлер көп дейсің бе?
Қалғыған қара шыңдар.
Көкмойын көлден едім,
Орным бар төрде менің,
Əнімді таратыңдар.
Жан білмес жарасым бар.
Жан-лəззат аласыңдар.
Қаңқылдап қаз боп ұшып,
Қай жаққа барасыңдар.
Мен сүйдім
Əр қайсыңды,
Əдемі дарасыңдар.
Əлпештеп жыр өсірген,
Жүрек пен санасыңдар.
...Санасыңдар?!
Аралап өмір гүлін,
Құс болып келіп жүрмін.
Самал боп сайын қырда,
Əн шырқап беріп жүрмін.
Қалғыма қан жүрегім,
Əн сүйген балғын едім.
Шалқыған шарайнасы,
Шаракөз əн айнасы,
Айдыным қалды менің.
Айдыным мөлдіреген,
Аққуы селдіреген.
Аңқасы жыр деп кепкен,
Арманы бүрлеп көктен,
Кірпігін қамастырып,
Кіл ару талас қылып,
Пəк сүйіп
Періштедей,
Кетпеймін өрістемей,
Бəріңді қазақ қылып.
Ақ қанат өлеңдерім,
Параққа көгендедім.
Əн менің – ақ арманым,
Жыр менің – жан ардағым,
Күй менің – шежірем-ді,
Тал бойым сезім енді,
Жаныңмен сезін енді.
Сəулемін жарқыраған,
Сəулесін таң сұраған.
Ел сүйген ермін ерен,
Көк тумын желбіреген!
Байлап көр шамаң жетсе,
Сағасы сонау көкте,
Сарқылмас мен бір өлең!
* * *
Ұша ғой көкке, жаным ұш!
Көк аспан неткен сағыныш.
Не дейін саған жолаушы,
Ақын да сендей дəруіш.
Жанарын қара мұң басқан,
Жанымен кім бар сырласқан!?
Жалғыз-ақ оның сырласы,
Қара жер менен пірлі аспан.
Бұлттармен бірге жөнелдім,
Бумасын шешкен өлеңмін.
Көк аспан көздің құрты едің,
Көп жүріп жерде не көрдім?!
* * *
Қарайсың қалқам қалжырап,
Кім білер оны, ал, бірақ?
Көзіңнің жасы күйдірген,
Жанымда менің қалды дақ.
Күн болып жүзіп көктегі,
Көзден де ғайып шеттеді.
Құлазып қалды бұл ауыл,
Ерке қыз елден кеткелі.
Өртеніп жұлдыз тамған-ды,
Тағдырға аз күн алданды.
Кеткенге қолын бұлғайды,
Кім аяр үнсіз қалғанды?!
* * *
Тұншығып жүріп жырладың,
Тылсымын жырдың тыңдадым.
Бозторғай көңіл теріп жүр,
Шашылған күннің қырманын.
Қайтесің енді жан-жырым,
Жырыңның ашқын сандығын.
Қол созсын маған қанеки,
Өлең бір жетпей қалды кім?!..
* * *
Қартайды қалың ормандар,
Қалтырап дір-дір қарағай.
Сарғайып барып солғандар,
Жалғызын күткен анадай.
Еменнің белі бүгілген,
Қайыңға біткен сəн қайда.
Кəрі дің қаусап үгілген,
Жел соқса құлап қалмай ма?!
Опасыз жалған күліп тұр,
Оңтайын тауып құлатпақ.
Көңілім көкке ұлып тұр,
Көп күнім алыс ұзақтап.
Жанымның бұлты жамырап,
Себездеп көзден шық тамды.
Ойласаң тірлік бəрі жат,
Кезегі менен жыққанды.
* * *
Қарағай, қайың, көк талым,
Саяңа келіп тоқтадым.
Тірілей күйіп өртендік,
Тірліктің іздеп жоқ мəнін.
Тасым жоқ маңдай соқпаған,
«Досым» көп мылтық оқтаған.
Көз жұмып құзға қол создым,
Жерім жоқ жасып тоқтаған.
* * *
Дүркіреп көшті дүйім көп,
Тарқады той да түйін боп.
Қоңыр жел есті содан соң,
Қоштасқан үнсіз күйім боп.
Аз ғана сəтке алдандым,
Айығып шер мен жаннан мұң.
Сағыныш толы жұпардың,
Самалын жұтып қалғанмын.
Біз татар енді бал қайда,
Атізін ару салмай ма?!
Көңілге мөрлеп дидарын,
Қызғалдақ кетті шалғайға.
* * *
Бір менсіз өмір құнсыз ба?
(Мұң айтып нем бар мұңсызға.)
Қарайсың үнсіз қарагөз,
Қанжылап Сізде тұрсыз ба!?
Күн күліп көктен қарай ма?!
Сен де қал күліп жарай ма!?
Бір жүрмек жоғын білген соң,
Қоштасқан дұрыс алайда.
Көңілдің үнсіз тілі бар,
Өкпешіл, өртшіл міні бар.
Сағыныш деген дерттің де,
Лəззаты барын біліп ал.
* * *
Əлди де – əлди жан жырым,
Көтергін елдің бар жүгін.
Сенен де басқа тірі жоқ,
Өткеннен, сірə, қалды кім?!
Обал-ай жасап бардан жоқ,
Қанша жыр қауыз жарған жоқ.
Өлеңмен бір күн дос болып,
Өлген де жанда арман жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу