Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  108


Автор: Сабыр Адай

Қонақпыз

Сұлу жыр іздеп шөлдедім,
Сыланып шықты өрге күн.
Көлеңке тектес көп үйік,
Отырған анау төрде кім!?..
Төрдегім менің – өр дедім,
Өр жаным толған мөр менің,
Аңқасы кеуіп аңырап,
Су сұрап тұрған шөлде кім!?
Шөл менің – қансыз тамырым,
Алтыннан еді əдібім.
Жемсауға түскен жемітпін,
Табанға түскен тарымын.
Өр дедім – олай болмады,
Өлекшіндерді қолдады.
Дəмелі жұрттың – үміті,
Дəруіш көрсең жол дағы.
Қонақпыз мынау жалғанға,
Жалғанға көңіл қалған ба?!
Көп үйік көрдік дейміз бе
Махшарға ертең барғанда.
Үйік те сайын бір қарға
Жалықтық сосын жырдан да.
Өкпеміз біздің көп айтар
Өзіңмен өткен жылдарға.
Құдайдың бізде пақыры,
Ағайын ала, жат ұры.
Қонақ боп келіп отырып,
Қой болып кеттік ақыры.
* * *
Қарғам-ау неге жыладың
Əлемнен қымбат бір əнің.
Ағаның жаны – ақ жайлау
Жылама менің шырағым.
Бағалар жан жоқ басыңды,
Даттауға дайын асылды.
Тек өзім сүртіп берейін
Көрмесін өзге жасыңды.
Жаным бір сендік күзетте,
Шомылдым кəусар ізетке.
Тəңірдің өзі зəру-ді
Жылайда білер жүрекке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу