Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  230


Автор: Сабыр Адай

Қанжар дайын дұшпанға

Сұлап жатыр бір сұңқар,
Қарасына Сіз де келіп тұрсыз ба, ал?!
Өлім барын біледі екен бұларда,
Иман ада нұрсыздар.
Əңгіме еді ұзақ бір,
Жүрегімде тоқсан тоғыс сызат тұр.
Тірісінде бəрі бірге кесектеп,
Өлгеннен соң жылап тұр.
Аяр сөзбен шаңытты,
Көз жастарын көп көрсін деп ағытты,
Ел Тұлғаны тұрмастай ғып табытқа,
Үш жерінен таңыпты.
Құспын дейді ұшқанға,
Құзғындарға құрсау салар күш бар ма!?
Сөзбен атты!..Түкіргенім бар менің!
Қанжар дайын дұшпанға.
* * *
Аттанайын өлең менен құйып əн,
Жүрегіңді бер елім.
Күміс сəуле дір-дір етіп ұйыған,
Тəңірімнің қарашы енді шеберін.
Жан сəулесін жүзік қылдым қолыңа,
Таңмен талас сұлу-ды.
Ғұмырымды арнап өттім жолыңа,
Алтын шатыр құрулы.
Алтын шатыр, өлең-өрнек күміс-ті,
Безенгенім, таққаным.
Суарылған ақ қаламым-қылышты,
Шарға салмай жатпады.
Қызыл тілдің бас кеспегі бар сынды,
Тіл кеспегі жоқ дейді.
Көрдік өмір заманың мен зарпыңды,
Табан асты шоқ дейді.
Жан қайтсада райлап,
Сөз қайтпайтын – оқ дейді.
* * *
Дидарымнан самал өпті еппенен,
Осы ерін, ыстық сезім жетпеген.
Көзін алмай қарап қалған əлемге
Мен де сіңіп кеткен ем.
Сорғалайды уыз арман, бал үміт.
Үміт нұрын кірпігіңе қал іліп.
Сəлден соң– ақ күн шығыстан таң атты
Оята алмай жалынып.
Əз жаныңды əсем гүл мен тал ұқсын,
Тегің сұлу, өзің ару халықсың.
Бұлақтардың бұрымынан сүйрелеп,
Қайда кетіп бара жатыр алып кім?!..
Жүзімді кеп
Сүйіп жатыр аппақ таң,
Жүрегімнің лүпілінен танып күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу