Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  270


Автор: Сабыр Адай

Ұлыңды көрсет

Отырар1 ойдың қазығы,
Жемсеген желдің азығы.
Неден де болды қасқаның,
Жайраған сүйек жазымы.
Бабтардың бабы Арыстан,
Түркістан түпсіз ғарыштан.
Пердесін түріп тылсымның,
Періште менен жарысқан.
Дін араз, міне, ұлты дау,
Рухың лас, құлқы жау.
Тарихтан алған тағылым,
Ұлыңды көрсет, Жұртым-ау!?..
* * *
Өлеңім үлбіреген гүлім сынды,
Ғайыптан келіп жеткен бір үн сынды.
Көңілім көпке жайған алтын базар,
Кешегі керуен сарай Үрім2 сынды.
Жалғаған жаңа күнді ескіменен,
Талмау қыр, таранған күн, кешті көрем.
Жанымның жайлауында қалың қазақ,
Келемін күйме тартып бесті менен.
Ақ тілек, ақ арманның бəрі міне,
Елімнің көп бөлендім тəліміне.
Батаңды берші қазақ: «Құлыным!» – деп,
Бағаңды жеткізейін Тəңіріме.
1 Отырар – Ескі Отырар қаласы.
2 Үрім – ежелгі керуен сарайы.
* * *
Қара дүрсін,
Қоңыр тірлік, көз торлады мұнары,
Есіл жігіт құлады.
Қауырсынын жастап жатыр табытқа,
Ата қаздың айдындағы сыңары.
Жоқтық деген
Керегеде кер жылан,
Мойын толған тұр əлі.
Қайран жеңгем қайғы шекті бұралды,
Жарық болсын жанын берген құл алды.
Хақтың құлы,
Аманатын тапсырды,
Əке орнына ер жеткізбек ұланды.
Шөгіп кетті
Қайран жеңгем қаралы,
Əне, тағы, қорым жаққа барады.
Жетімдерге
Көз сала жүр дегендей,
Маған үнсіз мейіріммен қарады.
Қайран жеңгем,
Беліңді бу, бекемден,
Хақ қаласа су астынан жетер дем.
Кімдер қайда
Айырылмай жүр дейсіз,
Жар мен туыс, не теңнен.
* * *
Не бітірдік!?..Ұят қысты, бет қызды.
Алдады ма тек бізді?!
Өз құйрығын көрмек болып бір тістеп,
Бала мысық таңды кешке жеткізді.
Көп елесті қуып келе жатырмыз,
Сарғайды, əне, тақыр күз.
Аппақ тірлік – аппақ қардай құбыла,
Қансонарға шақырды із.
Қансонарда бірді-біреу аңдымақ,
Мен де шықтым, жалғыз ат.
Бірін-бірі келеді аңдып дүние,
Арасында қалғып ап.
* * *
Көкектердің көмейінде сұмдық бар,
Бір-біріне сыбырлайды сыр ғып тал.
Безгек тілдің
Берен қылыш кескегі,
Бейкүнəні қылғытты ал.
Қалтыратып буындарын қарағай,
Құлап түсті жарамай.
Көкектерге ол да қызық айтарға,
Шулап кетті обалына қарамай.
Қарқылдады қарға құзғын жиналды,
Жинап қойды обал-сауап иманды.
Патшасы да тым «ақ көңіл» орманның,
Көкек айтса болды соған иланды.
* * *
Күннің іздеп бүр жарады жарығын.
Гүл толғайды – ар үнін.
Бүлкілдеген жүрегінің дүрсілі,
Дүниенің солқылдатты тамырын.
Бал бақшаның шырын дəмі таңдайда,
Кер жусан мен тал қайда?
Тағдырға мөр басылады бір рет,
Осы шығар жазылғаны маңдайға.
Алыс барып маңырады қыр үркіп.
Түсінбедім сырын түк.
Дүмше мысық
Ін түбіне көз сатқан,
Неге маған еріп келіп тұр ұрсып.
Қазақстан тереземнен үңілді,
Үнсіздіктен түңілді.
Тышқан қашты,
Мысық қуды, мен күлдім,
Сол бір күлкі жеңілдетті жүгімді.
* * *
Жасап алдың шоқтан мұң.
Сұра, енді, оттан құн.
Өз отыңа қанатыңды қақтадың,
Сойыл ұстап келе жатыр сотқар күн.
Ашып қара жүрегімді сенбессің,
Керегі жоқ енді ешкім.
Өмір жасап сезімдердің күлінен,
Жəне, оны ешкімге де бермеспін.
Өртенбесең, қайтер едің күймесең,
Өліп-өшіп сүймесең.
Салып алып бір бақыттың сұлбасын,
Көңіліңнің күймесімен сүйре, Сен!
* * *
Өлең іздер,
Өлең іздер өзгеше,
Бұл қазақтың ауруы бар сөз десе.
Өлең іздер
Жан біткеннен түңіліп,
Қу тірліктен қурап көңіл, төзбесе.
Өлең іздер,
Жыр жазайын, соларға,
Өлең өлсе, оның орны толар ма?!
Өмір деген
Жылатпайды кімдерді,
Жалғыз қалған жолаушыдай боранда.
Өлең іздер,
Өртін басып көрмекке,
Өлең өлсе, тірлік болмас жер-көкте.
Төрт құбыла
Түгел болмас ешқашан,
Мың күн тұрып, бір күн сынар шөлмек те.
Осы жырды,
Жастанып жат, тілекшің,
Жыр ішінде бүлкілдеген жүрекпін.
Тəңірімнен
Тілегіңді тілейін,
Сен өзің де бақытыңды күзеткін?!
* * *
Өте арзан өргеу пенде нарқыңыз,
Оған куə анау бүкір қартыңыз.
Базар шығып болған болсаң саудалап,
Қорымдарға тартыңыз.
Бəсін айтар тірлігіңнің махшарда.
Тауып алар тығылсаңда Қашқарға.
Желмаясы жетер бір күн ажалдың,
Таң сəріде, ақшамда.
Атақоныс – ақ парақтың бедері.
Ақ сөйлесін, десін жылап: «Ер» еді.
Дұға қылса шын пейілмен бір Қазақ,
Жалғыз сол ғой, керегі.
* * *
Ару елдің деп ем шашын өрген кім?..
Ауызыма құя салды өрден құм.
Тақуаға таяқ сілтеп күледі
Іңір салып, ібіліс пен төрден жын.
Жол-жөнекей құлап жатты нар талап,
Тына қалған, бұла жалған шар танап.
Мынау елдің обалы мен ырысын
Біреу алып бара жатыр арқалап.
Тəуелсіздік келіп еді қайда жүр!?
Жұлдыз біткен айға құл.
Хан-Атама айтып берем мен енді,
Мүмкін болар пайда бір!..
* * *
Дəл осылай талай ақын жырлаған,
Жырмен жырғап, мұңмен ырғап сырлаған.
Көк аттыға ермек болған ауыл тұр,
...Енді əрине, біздер жаман, кім жаман.
Тағы бізді тарпаң тарих жығып па!?
Ұлық қайда!? ...Қойшы!..Ол да ығып па?!
Жарғақ тон мен жауып қымтап кетіп ем,
Ауыл қалай?!..Қыстан аман шығып па?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу