Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  141


Автор: Сабыр Адай

Жаудың малы секілді

Қар жамылып қайысады күркешік,
Шатырлары қырық құрау, мың тесік.
Бай баласы
Балпаң-балпаң күледі,
Қарды анау келе жатқан кім кешіп.
Сирағынан аяз жалап шыттанған,
Тайқы маңдай бір татпаған құттан дəм.
...Маскүнем боп кетті – дейді, көрген жұрт,
Осы бала заманды ерте ұққаннан.
Құрбандығы əділетсіз майданның,
Көкірекке көріп тұрып қайғы алдым.
Шыныменен біз «жетіскен» екенбіз,
Жеткен жері осы болса байламның.
Қарға күлді,
Қара суық есірді,
Намазшам мен күтіп алдым бесінді.
Төрт құбыла түгел обыр, жебірмен,
Қазақстан –жаудың малы секілді.
* * *
Мамығын бұрқыратып мама қаздың,
Бұл жырды қалам қандап жаңа жаздым.
О, дəурен айтарыңды бізге айтқын,
Сағымы сайран көңіл ала жаздың.
Желбіреп жер түбінен ебелектім,
Еркемді аптап соқты, төбелеп күн.
Бақшасын баһар жырдың іздеп өткен,
Мен де бір қоңыр қанат көбелекпін.
Ер жеттік, етек жиып сырыңменен.
Салт-дəстүр, дінім таза, ырымменен.
Бұл күнде етек басты елім мынау,
Шаруасы бола қоймас жырыңменен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу