Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  143


Автор: Сабыр Адай

Көштің сәні

Неге айтпадың
Мұны маған ұлы шың?!
Қызық екен үнсіз мына тұрысың.
Қара түнде қалғып кетпеу үшін де
Көштің сəні ит екен ғой құрысын.
Үріп-үріп
Оятып жүр барлығын.
Тағы көш бар, енді ізімнен қал күнім.
Ит байғұстың жоқ екен ғой қадірі,
Еңбегіне не береміз ал мұның?!
Əупілдейді əудем жерден күңкілдеп,
Ырылдайды тілін шайнап, ұртын жеп.
Ит байғұсты жаратқан ғой сол үшін,
Көшкен елге көмек беріп тұрсын деп.
«Өз итім» – деп кетті мені талаған» –
Байтұрсынның Ахметі жан ағам.
Көшіп бара жатқаныңның белгісі,
Үрген итке тап болсаңыз даладан.
Қайта көшпек болашаққа бұл халық,
Қозғалды сең, жау қызғанып тұр налып.
Жолға шықты əдеп-ғұрып, салт-дəстүр,
Үреді иттер қоймау үшін құр қалып.
Азан-қазан үріп көріп тарқасын,
Шаң қаптасын, ыза керген аңқасын.
Сен асықпа болашақтың керуені,
Хақ қолдаса көкке қарай тартасың!
Қазақ көшті қалы кілем қара нар,
Мақсат айқын, намыс түгел, адал ар.
Өз итіңнің үргені де сүйкімді,
Сыр алдырсаң, сырттағы жау табалар.
Адал болғын қайран алаш антыңа,
Бүтін болсаң қолыңды соз жартыға.
Көштің басын түзе енді тіке тарт,
Иман-əдеп, дəстүрменен салтыңа!
Обыр-жебір,
Сатқындар да жөнелер.
Жөргегінен адал ұлдар көгерер.
Иесіне қайтар сосын бəрі де
Итке тұрақ болып жүрген төбелер.
Неге айтпадың
Мұны маған ұлы шың!?
Қызық екен үнсіз мына тұрысың.
Қара түнде қалғып кетпеу үшін де,
Көштің сəні ит екен ғой құрысын.
* * *
Бабыр керуен,
Баба керуен Тұраным.
Саған тостым жүрегімнің құлағын.
Сансыз бабтар сазын шертіп тұр міне,
Ақсақ Темір, Құл Ахмет қожаның.
Сахабалар сайран бақтың бұлбұлы,
Көп іздеген Көк Тəңірі нұрлыны.
Үш жүз алпыс əулиені тербеткен,
Біздің елдің жанарында тұр мұңы.
Сайғағына құзғын қонған сұңқылдап,
Өлген ерлер жатыр əне «Ұлтым»-дап.
Ғасыр өтіп бара жатыр тұсынан,
Еркегі ез, ұрғашысы бұлтыңдап.
Жел азынап Асан қайғы ымдады,
Қобыз сазын Қорқыт келіп тыңдады.
Шын ақындар шырылдайды от кешіп,
Маңдайының ашылмаған бір бағы.
Махамбет тұр найзасына сүйеніп,
Қос ішекке қоңыр сазбен күй өріп.
Өз отыма жылынамын мен қашан,
Қазақ деген бір қараша үй едік.
Əбілқайыр, Абылаймен сырласты.
Көңіл гүлдеп, көкті жасыл жыр басты.
Ай мойынын жұлдызбенен моншақтап,
Аспан мен жер құшақтасып жымдасты.
Қанша тасқа қалай тимек маңдайым,
Қарақтыға аян менің хал-жайым.
Боз төбенің бота боздап астынан,
Тарих маған көрсетеді таңдайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу