Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  146


Автор: Сабыр Адай

Сәулелі жанға басты қос

Жалғыздық деген жаман ба,
Көңілің күнсіз қараң ба,
Кірдіме солай көп шөңге
Маңдайың менен табанға?
Қарайсың үнсіз қарғашым,
Жалғызға енді бар ма сын.
Көктемнің жырын ұсындым
Көңілің бізге қалмасын.
Не дейсің маған мұңды жан.
(Өлеңім жалғыз – бір мұрам.)
Сəулелі жанға басты қос
Нəр алсын кеудең нұрлыдан.
* * *
Жанымның жарқын алауы,
Бақыттың өзге балауы,
Атасы нұрдан аруым
Көңілдің сенсің қалауы.
Жанымды қара, жанымды.
Сазыңды сенің сағынды.
Айнадай менің кеудеме
Ай сəулең келіп шағылды.
Бар болсын сендей гүл-бағым,
Жүзіңді бізге бұр жаным.
Жаныңа келіп тұр міне,
Жолыңа болған құрбаның.
* * *
Қыран қайда сары балақ, мұз балақ,
Жігіт қайда деп шығатын Біз қазақ!
Бір құлазу қоғамыңды меңдетті,
Ел түбіне мансап пенен шен жетті.
Салпаң құлақ болып алдық қарашы,
Керегі жоқ ескісі мен жаңасы.
Таң атты ма күн батқанын тіледік,
Біз ұмыттық кеше, қайда, кім едік!?
* * *
Дала да бар, мына бізде қала бар,
Жан даламды жүрегіңе сала бар.
Ат кекілін кескен дұшпан көзінде,
Қара мысық балалар.
Өгіз өлмес , арба сынбас жол қайда,
Ұлы жолда бізді Тəңір қолдай ма!?
Өз жағамнан қолым кетсе балақ бар,
Өзіңді-өзің жау көрмесең болмай ма?!
Өгіз өлмес, арба сынбас өр едік,
Өрлік өлді, адым сайын шөгеріп.
Неде болса бір жағаға шығып ап,
Жау мен жауша, дос пен досша көрелік.
* * *
Кенезесі кепкен жерден гүл шықты,
Дала сүйіп жалғыз гүлді тыншыпты.
Жалғыз тал гүл жаны қалмай ұрттады,
Таң сəріде тамып кеткен бір шықты.
Бойын созып көрді сосын жайқалып,
Күн күлімдеп, басын иді ай танып.
Іңір салып ажал келді жел болып,
Берген жанын гүл бойынан қайта алып.
Солай шығар сұлулықтың жазасы,
Бұған енді кімнің болмақ таласы.
Рəсуа оңды-солды сапырған,
Уақыт деген бес биенің сабасы.
Гүл ұмыт боп, жер қайыды жаңбырға,
Қырға жалғыз бардың ба?!
Өкпелеме жалғыз тал гүл – жан мұңым,
Өмір деген бұл əдіра қалғырға.
* * *
Өкшелесіп аға ғұмыр кəріге,
Таң асырып отыр, міне, сəріде.
Көкірегі алтын сандық шалдарым,
Сөз асылы дəрі ме!?
Бірін-бірі қимай отыр асылдар,
Кеудесінде күміс сыңғыр ғасыр бар.
Бойға сіңір, ойға сіңір сөздерін,
Бозбала мен жасың бар.
Аққан жұлдыз секілденіп тарады,
Қош айтысып қарады.
Қарттарыма көлеңке боп еріп жүр,
Өткіншінің өңеші мен араны.
* * *
Гүл болып жырым өсіп жүр,
Жұлдыз боп ағып, өшіп жүр.
Ботаның боздақ жүніндей,
Ақ ұлпа бұлттар көшіп жүр.
Ақ бесік-аспан құндақ-ты,
Күзетіп айды түн жатты.
Сағыныш толы құшақпен,
Самал боп келіп тіл қатты.
Балқыдым солай, ерідім,
Жіберген маған сені кім!?
Жанартау жыр боп жандым мен,
Кеудемді қысып керім үн.
* * *
Көктем келді бақ құрсап,
Іздесең болмас нақ бұл шақ.
Көбе бұзар жебедей,
Атылды көктен ақ бұршақ.
Шашуын қара шаттықтың,
Ақ бауырсағы ақ құттың.
Ауыл іші көп күлкі,
Жалынын қара жастықтың.
Бұршақтың өзі еріді,
Бұлттардың өзі тарады.
Жастардың жалын күлкісі,
Жаңғыртып көкті барады.
Еріксіз мен де жымидым,
Құт құйып солай тұр Игім.
Қарлығаш ұя салғандай,
Киесі бөлек бұл үйдің.
* * *
Сардар қайың көл жағалай сап құрған,
Саясында кімдер анау жат тұрған!?
Жат қолында сардар кетсе сап құрған,
Онда енді арман – ада, бақ құрбан.
Кімдер анау төресінген, төстеген,
Жусан болып жұпар шашып өскен ем.
Енді, міне, жапырағым тапталмақ,
Жатқа біткен өкшеден.
Жоғалдым ба, өз бейнем бар, өмір ем?!
Қолды болдым қонысынан көрі кең.
Тамыр бойлап қанға өтсе жат пиғыл,
Жүрегіңнің қоныс тебер төрінен.
Сардар қайың
Саяңызда кімдер тұр,
Сен де өзі тең екенсің өлімен!..
* * *
Қайран көңіл қоштасарда босаған,
Шет елдік боп қол бұлғады қос ағам.
Оянғанмын өз Отаным, төрімнен
Бар бақытым, туған елім, босағам.
Жер бетінде
Бақыт барма дəл мұндай,
Отанға тарт, ойға қамшы салдырмай.
Жаным Алла
Отан берді, ел берді,
Жат өлкеде сүйегіңді қалдырмай.
* * *
Көктем деген
Көгілдір таң, көп қызық.
Сеңдей тасып, қамалдарды өт бұзып.
Жақсылықтың жолын іздеп жағалас,
Содан өзге соқыр тиын жоқ қызық.
Бүр жарып тұр
Бала шыбық, бал шыбық.
Жарық күнге қол созады талпынып.
Қара қыстың құрсауынан құтылған,
Құлын бұлақ шапқылайды алқынып.
Қара тастың
Жылу бітіп бойына,
Қара орманның не түсіп тұр ойына.
Он сегіз мың ғалам жатыр боянып,
Тіршіліктің дайындалып тойына.
Мен отырмын
Жалбарынып Тəңірге.
Жалғыз Алла, жырым солай, əнімде.
Алла сүйіп ақ нұрынан жаратқан
Дүниенің сүйіп өттім бəрінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу