Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  106


Автор: Сабыр Адай

Алданып өлген көп артық

Алданыш жатыр алда мың,
Аямай салар қармағын.
Тілекші шығар кім білген,
Жау көріп жүрген жандарың.
Мəніне бардың сен ненің,
Жоқ дейсің жаным елде кім.
Жүрегін ашып көрдің бе,
Дос санап жүрген пенденің?
Адалдық сұра Құдайдан,
Көңілім міне – жыр айнам.
Бақытты болған жері жоқ
Біреуді сүйіп құлай жан.
Келеміз жанға жоқ артып,
Жанарға жас боп толар шық.
Дегенмен сенбей өткеннен,
Алданып өлген көп артық.
* * *
Көктей жұлып алып еді анау жыл,
Кім түкіріп тастап кеткен өрікті?!
Қандай жанның баласы сол қарау бір,
Көміпті ғой, көрікті.
Жылдар өтті, көрмеп едім, кезікті.
Өз қайғысын жамылды.
Тұрмыс турап, өмір Оны езіпті,
Кетпеші деп жалынды.
* * *
Жауың жоқ болса кедейсің,
Намысты қайда егейсің?!
Он сегіз мың ғаламда –
Жауы жоқ кім бар, не дейсің?!
Жауың жоқ болса құрыдың,
Өзіңе түсер құрығың.
Тарыдан көп-ті дұшпаны,
Таудан да биік ұлының.
Ақылға білім мол артып,
Артыңнан ерсін қол артық.
«Дұшпаным əділ болсын» – де,
Надан да достан сол артық.
Сыныққа сылтау болмашы,
Ащы да болса қолдашы.
Досым көп дейсің мақтанып,
Жауым жоқ деме ондашы.
Өгізге өлім «өк» деген,
Өзімшіл қашан көктеген.
Жамағат пенен жолдас боп,
Сыйласқан жақсы көппенен.
Не дерсің біздей аңғалға,
Алдамай кеткен жан бар ма?
Қалыпты қоңыр бірліктен
Бақыт жоқ мынау жалғанда.
Жасырмас қайда жау ізін.
Байқап аш гүлдің қауызын.
Дос болсаң сəл-пəл əрі тұр,
Көп күйген менің ауызым.
Келеді жанның сенгісі.
Сенеді аңғал ер кісі.
Дос екенін білмеген
Шын достықтың белгісі.
* * *
Кеудеме қанша сыр құйдым,
Сағымдай көшіп жылжимын.
Торғайдан басқа жауы жоқ,
Ашыққан көкте қырғидың.
Түн өтті қанша жасытқан,
Атып та болмай ғашық таң.
Біз де бір торғай көктегі,
Заманым қырғи ашыққан.
Тұмсығы оның қанды зіл,
Суырып жанды алды бір.
Торғай да күннің төсінен
Қан-қан да болып қалды жыр




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу