Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  131


Автор: Сабыр Адай

Табыт көтергендер

Көше бойлап келе жатыр кіл мұңдық,
Өліге де, тіріге де бір құлдық.
Көз жасына орап алған шындығын,
Құл жүзінен бара жатыр жыр жылжып.
Жапырақтай селдіреген күздегі,
Солғын екен сорлы жұрттың жүздері.
Мен отырмын тасқа айналған жан сынды,
Жалғыз мола секілденіп түздегі.
Аспан қашып бара жатыр алыстап,
Неткен өмір бір сүреңсіз ағыс жат.
Толқындармен жағаласқан құрбандық,
Ағыспенен бара жатыр маңыстап.
Енді кімге қол беремін жағада,
Іні інде, жүрек қатты аға да.
Домбыраның қос ішегін бауырлап,
Жүрегімнің саусағы жүр сағада.
* * *
Шапағат Пайғамбардан үмбетіне.
(...Жалғады мырза Құдай бірді екіге)
Бесігін жырмен тербеп құлынымның
Қол жайдым құран жастап іргесіне.
Əндетті, əлем бір сəт, жырым қалып.
(Өскенбіз дəстүр сыйлап, ырым бағып)
Əулие-əнбиелер желеп-жебеп,
Ер жетсін, періште мен қыдыр дарып.
Жаратқан жалғыз Алла құлдарыңды,
Жайнатып, өсіре бер, гүл бағымды!
Ұл болсын – ұран салып ту көтерген,
Қыз болсын – əлпештейін сырғалым-ды!
* * *
Қамығып қараша ауыл бүріседі,
Қазақтың қайнар бұлақ ырысы еді.
Тырнайды жетім күшік босағасын,
Бұл күйін көрмегенім дұрыс еді.
Шудасы желкілдеген нарлар қайда,
Қиялым енді менің самғар қайда.
Көңілдің жайлауында өлең қалды,
Бұл ауыл бұла жырға алданбай ма?!
Тербетіп жүрегіммен мекенімді,
Көсем ел көп көріп ем жетегіңді.
Бейкүнə кірпігіңнен сорғалаған
Көз жасың толтырыпты етегіңді.
* * *
Ақ орда таңдап жатқанбыз,
Ақ торғын жібек, ақ таңбыз.
Жымиып тұрып қарсы алған
Мінезі жұмсақ мақпал қыз.
Арулар қайда ақ жібек,
Ақ сағым күндер қалды көп.
Атқа мініп алпыс тұр,
Елу де өтті жанды жеп.
Қырықтан қашан өткелі,
Ол да бір ердің көктемі.
Шағала дəурен шарқ ұрып,
Біздерді тастап кеткені.
...Неткені?!
* * *
О, тірлік қандай ғажап көкте күнің,
Тереміз тірі күнде текке мінін.
Хан тағы
Алтын сарай құлазиды,
Ізі жоқ беглер менен бектерінің.
Бəрі де көрінгеннің жұмбақ сынды,
Күзгі бұлт өткіншісін жырлап тынды.
Таянып қос бүйірін жетім терек,
«Аһ» ұрып желге басын ырғап тұрды.
Желтоқсан жең түреді келемін деп,
Жазасын жан біткеннің беремін деп.
Мен тұрмын қолды жайып Тəңіріме,
Қараған көк аспанға ел едім – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу